Энергетикалық нысандардың құрылысына 8 трлн теңге бөлінеді
Қазақстанның алты қаласында энергетикалық нысандар салуға сегіз триллион теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Бұл қаражат көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоспар аясында қаралады. Құжат жобасы бүгін Энергетика министрлігінде таныстырылды. Меже орындалса, энергия тапшылығы мәселесін шешуге және тозған нысандарды жаңғыртуға мүмкіндік туады. Анығын айтсақ, Екібастұз қаласында ГРЭС-3, сондай-ақ Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған қалаларында жаңа электр станциялары салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қолданыстағы Екібастұз ГРЭС-2 мен Ақсу ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, жаңа жоба аясында көмір өндіру көлемін арттыру және теміржол желілерінің өткізу қабілетін ұлғайту ісі көзделген. Сондай-ақ, құжатта сала қызметкерлерін қолдау үшін «Отбасы банкпен» бірлесіп арнайы тұрғын үй бағдарламаларын әзірлеу жайы да қаралған.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Бұл жоспар бізге энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни жаңа технологияларды игеру және жабдықтарды Қазақстанда өндіру жұмыстарын жүргізуге жол ашады. Сонымен бірге бұл еліміздің көмір қорын одан әрі ұлғайтуға ықпал етеді. Қазіргі таңда біз жылына 120 млн тонна көмір өндіреміз, ал жаңа станциялардың іске қосылуымен бұл көрсеткіш, әрине арта түседі.