Жаңа салық кодексі: жобалық кеңсенің отырысы өтті

Биылдан бастап жұмыс берушілер жеңілдетілген салық режиміне қол жеткізеді. Еңбекақы қорының 51%-ы мүгедектігі бар қызметкерлердің үлесіне тиюі тиіс. 

Бұған дейін бұл көрсеткіш 35 пайыз шамасында белгіленген болатын. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің төртінші отырысында айтылды. Қабылданған норма мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа алу мүмкіндігін арттырады. Осы санаттағы қызметкерлер үшін жеке табыс салығының жеңілдігі толық сақталмақ. Сондай-ақ Салық кодексіне мүгедектік тобына қарай жеке табыс салығы бойынша әлеуметтік салық шегерімін саралау нормасы енгізілді. Егер бұрын мүгедектігі бар жұмысшы үшін шегерімнің жалпы шегі 882 айлық есептік көрсеткіш болса, жаңа түзетуде онысы үшінші топтағы мүгедектік үшін сақталған. Ал бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкерлер үшін шегерімнің мөлшері 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.