Шымкентте бәйшешек ерте гүлдеді

Шымкентте бәйшешектер бүршік атты. Еліміздің өзге өңірлерінде қыс қытымыр мінезін әлі де танытып жатса, оңтүстікте көктем ерте келді. 

Шымкентте ақпан айы басталмай жатып қар еріп, алғашқы көктем гүлдері көріне бастады. Қазір облыс орталығында күндізгі ауа температурасы 15 градусқа дейін жылынып тұр. Бәйшешектің жылдағыдан ерте гүлдеуі, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында да байқалды. Рейд барысында инспекторлар, жер бетінен қылтиып шыққан Грейг қызғалдағын анықтаған. Мамандар мұны өсімдік әлеміндегі вегетациялық кезеңнің ерте басталуымен байланыстырып отыр. Айта кетейік, бұған дейін бұл өңірде мұндай табиғи құбылыс тіркелмеген.

Қамытбек Жорабаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас инспекторы:

- Көктем биыл ерте шығуы ықтимал. Неге десеңіз, түн де, күнде жылы болып келе жатыр. Қазір біздің өңірімізде бәйшешек, Алатау шафраны өте көп өседі. Ол Қазақстан Республикасының қызыл кітабына енгізілген. Мұны жұлуға болмайды. Барлықтарыңызды табиғатты аялауға шақырамын.