«ХХІ ғасыр көшбасшысы»: ақтық кезеңге баратындар анықталды

«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының Қостанайда өткен облыстық кезеңіне 86 оқушы қатысты.

Тест түрінде өткен білім сайысының қорытындысында бес үздік анықталды. Олардың екеуі Жанкелдин және Қостанай ауданынан болса, үшеуі облыс орталығындағы мектеп оқушылары. Өңірлік кезеңде топ жарған бесеу енді республикалық додада бақтарын сынайды.

Іріктеу кезеңінде үздік шыққандардың бірі - «Қазбілім» ұлттық лицейінің шәкірті Мансұр Ертаев. Оның сүйікті пәндері георграфия мен математика. Арманы - банк саласының топ-менеджері болу. Өзі көздеген мақсатына жететініне сенімді.

Мансұр Ертаев, облыстық кезең жеңімпазы:

- Біріншіден, өзіңе сенімді болу керек. Екіншіден, қанша жерден сенімді болсаң да, логикаң жақсы болса да, білім болмаса сен ештеңеге жете алмайсың. Сосын логиканы жаттықтыру керек. Бұл да маңызды. Дами беру керек деп ойлаймын.

Тағы бір жеңімпаз,торғайлық Ержан Бақытжан «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының тұрақты көрермені. Сол дарынды балалардың қатарынан көрінсем деген арманы болыпты. Туған жерінің нағыз патриоты. Елімді көркейтіп, түлетсем, - дейді.

Ержан Бақытжан, облыстық кезең жеңімпазы:

- Торғай өзі ұлылардың мекені. Алғашқы ұлт ұстазы Ахмет біздің жақта туған. Сол кісілерге арнап, ескерткіштер қойып, ол кісінің ауылына баратын, туған жерін көркемдетіп, жолын дұрыстап, халықтың хал-жағдайын жақсартсам деймін.

Іріктеуден сүрінбей өткен Айбол Қоңқабаев - Заречный ауылының Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушысы. Қоян-қолтық ұрыстан және кикбоксингтен 4 дүркін Қазақстан чемпионы. Спорт пен білімді ұштастыра білген бозбаланың бойында көшбасшылық қасиеттер барын байқайсың. 

Айбол Қоңқабаев, облыстық кезең жеңімпазы:

- Көшбасшы болу үшін бойындағы тұлғалық сапалар, мәселен,  ақылдылық, мінезің, сөйлей алуың маңызды. Ол сенің адамдарды сендіре алуың осы көшбасшылыққа тән қасиеттер деп ойлаймын.

«Озат» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Бақытжан Ахметжанов жас та болса компьютерлік технологияны жақсы меңгерген. Бағдарлама жасақтап, деректер базасымен және ақпараттық жүйемен жұмыс істей біледі. Сәтін салып, республикалық сайыста білім грантын жеңіп алсам, міндетті түрде информатика саласын таңдаймын деп отыр.

Бақытжан Ахметжанов, облыстық кезең жеңімпазы:

- Жасанды интеллект арқылы қазақ даласын дамытқым келеді. Қазір күнделікті өмірде болып жатқан істерімізді, мамандықтарымызды роботизация, яғни жасанды интеллект арқылы дамыту және оларды автоматтандыру болып табылады.

Бес жеңімпаздың арасындағы жалғыз қыз бала - Алтынай Қасымова. Қостанайдағы Ыбырай Алтысарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияның оқушысы. Анасы айтыскер ақын. «Тегінде бар тек жатпас» демекші, Алтынай да өлең шығарады, әдебиетке жақын. Бірақ өмірін математика ғылымымен байланыстырғысы келеді.

Алтынай Қасымова, облыстық кезең жеңімпазы:

- Негізі ғылым саласының, яғни математика пәнінің үздік маманы ретінде өзімді көремін. Қазіргі таңда республикалық ғылыми жобалар байқауларының жүлдегерімін. Сонымен қатар жақында республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар сайысының республикалық кезеңіне жолдама алған болатынмын.

Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» агенттігі ұйымдастырған «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының түсірілімі алдағы көктемде өтеді деп жоспарланып отыр. Облыстық кезеңде жүзден жүйрік шыққан бес жеңімпаз енді ақтық сында мыңнан – тұлпар болуға дайындықты бастап кетті.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг