Қостанайда күрделі мәселеге айналған 30 қоқыс орыны анықталды

Қостанайда қордалы мәселе саналатын 30 қоқыс орыны анықталды.

Оның тізімі полиция басқармасына берілді. Енді учаскелік инспекторлар сол жерлерді бақылауға алып, тазалық талаптарын сақтамайтындарды әкімшілік жауапкершілікке тартады. Қала ішінде де қоқып жатқан жер аз емес.

Тоғызыншы шағын аудандағы 7-үйдің маңындағы қоқыс орыны үнемі ыбырсып-қобырсып жатады. Контейнерлер бос тұрғанымен қасында қағаз қорап пен пластик қалдықтары үнемі үйіліп жатады - дейді тұрғындар.

Сахижомарт Алдабергенов, қала тұрғыны:

- Күнде үйіліп жатады. Басқа үйлерден әкеліп төгеді. Машинамен әкеліп төгеді. Үйде ремонт жасағанда бәрін шығарады, керек емес материалдарды штукатурка, известка әйтеуір қапшық-қапшығымен әкеліп тастайды. Бір айда бір ме, толғанда шығарады. Анау күні үш КамАЗ шығарды. 

Шаһардағы 8-шағын ауданданда да жағдай осыған ұқсас. Ірі көлемдегі қоқысқа арналған қоршау іші тұрмыстық қалдыққа толы. Бұл жер әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан, қаланың орталығына жақын аумақ болғанымен тазалық мәселесі жүйеленбеген. Тұрғындар тазалаушы компаниялар жұмысты дер кезінде және өз деңгейінде істемейді десе, коммуналдық мекеме өкілдері тұрғындар мен шағын кәсіп иелері қоқысты бей-берекет тастайды деп дауласып отыр. 

Асхат Қазин, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Бұл мәселені былай шешпек ойымыз бар. Біріншіден, кәсіпкерлерге жеке қоқыс алаңдарын жабдықтауды міндеттейміз. Оларға Экологиялық кодекс талабына сай жер телімдерін анықтап береміз. Сондай-ақ бюджет есебінен ірі көлемдегі қоқыс шығаратын компаниялармен екі келісімшарт жасасуды жоспарлап отырмыз. 

Экологтар жергілікті әкімдік коммуналдық сала жұмысын дұрыс үйлестіре алмай отырғанын айтады. Экологиялық Кодекстің 365-бабына сәйкес, тұрмыстық қалдықтың уақытылы шығарылуын қадағалауға жергілікті атқарушы билік жауапты. Бірақ бұл міндетке атүсті қарайтындар бар. 

Қуаныш Елеусенов, Қостанай облыстық экология департаментінің басшысы:

- Жергілікті атқарушы орган тарапынан жеке және заңды тұлғалардың қоқысты әр жерге төкпеуін бақылау өз деңгейінде емес. Былтыр осындай бейберекетсіздікке жол берген 7 жауапты маманды әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Оның бесеуіне ескерту жасалса, екеуіне айыппұл салынды. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қоршаған орта мәселесіне бей-жай қарамайтын  қостанайлықтардан «Таза Қазақстан» чат-ботына соңғы бір айда 51-ге жуық өтінім келіп түскен. Осы жедел байланыс желісінің арқасында соның 48-і өз шешімін тапты. Халықтан түскен өтініш-шағымдарды саралай келіп, Қостанайда шұғыл шараларды қажет ететін 30 қоқыс алаңы анықталды. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг