Түркістан облысы Сауран ауданында көпірді су шайып кетті

Түркістан облысының Сауран ауданында қатты жауған нөсер салдарынан Жаңақорған өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Абай мен Көксарай ауылдарын жалғайтын көпірді су шайып кетті.

Тұрғындардың айтуынша, өткел былтыр ғана жөндеуден өткен. Қазір екі ауылдың арасында байланыс тоқтап, қатынас үзілген. Бастауыш сыныпта оқитын 19 бала онлайн білім алуда. Бағаналар құлап, Көксарай ауылында жарық сөніп қалған. Ал өзен арнасынан асқан қызыл су сай-салаға жайылып, демалыс аймағына апаратын жол да су астында қалды. Соның салдарынан демалыс аймағында болған адамдар үйлеріне қайта алмай, құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тұрғындарды эвакуациялап, қауіпсіз жерге көшірді.

Мұхтар Қуанышбаев, Сауран ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

- Абай елді мекенінің тау беткейінде орналсқан "Сәкен тау" демалыс аймағында ауа райының қолайсыздығына байланысты адамдардың қалып кеткені жөнінде 101 телефонына хабарлама түсті. Хабарлама бойынша құтқару көлігімен келіп, 20 адамды судан өткізіп құтқару жұмыстары жүргізілді.