Елде мектеп асханаларына талап күшейді

Елдегі мектеп асханаларына талап күшейді. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жаңа тамақтану нормасына орай қабылданды.

Оған сәйкес бірқатар азық-түлік түрлерін сатуға тыйым салынған. Атап айтсақ, газдалған сусындар, пастерлерленген жеміс пен көкөніс шырындары, кофе, қуырылған тағам түрлерін саудалауға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ қант пен тұздың арнайы нормасы бекітілген. Ол бойынша 100 г дайын тағамдағы тұз көлемі 0,3 грамнан аспауы керек, ал қанттың үлесі 5 грамнан көп болмауы міндетті. Бұл мөлшер баланың жасына қарай өзгеріп отырады.

Тыйым салынады:

Газдалған және энергетикалық сусындар

Сағыз

Дәмдеуіштер қосылған су түрлері

Пастерлерленген жеміс пен көкөніс шырындары

Кофе өнімдері

Қуырып дайындалған тағам түрлі 

100 г  тағамда:  тұз көлемі 0,3 грамнан аспауы керек,

қанттың үлесі 5 грамнан көп болмауы шарт.

Мектеп асханасындағы тағамдар сапалы ма? 

Алайда жаңа нормаға қатысты депутаттардың айтары бар. Айдарбек Қожаназаровтың пайымынша, бүгінде мектеп асханаларында балаларға ұсынылған тағамның едәуір бөлігі желінбей, қоқысқа тасталып жатыр. Сондықтан қазіргі стандарттарды қайта қарап, тағамды ұсыну тәсілін де нақты талаптар қойылуы керек деп есептейді. Ол бұл мәселені жауапты органдар кәсіпкерлерден жиналған деректерге сүйене отырып зерттеу керектігін айтады. Сондай-ақ рейтинг және антирейтинг жасау арқылы балалардың тамақтану жағдайын жақсартуға болады деген пікірде.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Балалар жемейтін тағамды күн сайын берудің өзі дұрыс емес. Қазір қоқысқа тасталып жатқан тамақтың шамамен 90 пайызы дұрыс ұсынылмауы мен мәзірдің балаларға бейімделмеуінен болып отыр. Мемлекеттің қаржысына жасалып жатыр екен деп немқұрайлы қарауға болмайды.