Мектептегі буллингке қатысты жауапкершілік күшейді

Елде мектептегі буллинг үшін жауапкершілік күшейді. Әрі оның алдын алу жүйесі қатар дамып жатыр. Демек енді мектепте бұзақылық жасаған бала жауапқа тартылады.

Ал кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек тәртіпсіздік жасаса, онда оның ата-анасы жауап береді. Биыл буллингке қатысты айыппұл көлемі де ұлғайды. 

Жалпы буллинг сөзі қазақ қоғамында 2010 жылдардан кейін ғана қолданысқа ене бастады. Ал 2020 жылдан бері бұл ұғым күнделікті тілдік айналымға толықтай сіңіп кетті. Бұрын «мазақтады», «қорлады», «кемсітті», «күш көрсетті» деп айтсақ, қазір «буллингке ұшырады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндей саламыз. Бүгінде Буллинг – баланың бас қайғысына айналып отыр. Кейінгі жылдары бұл құбылыс тым жиілеген.  Әсіресе, сана-сезімі әлі толық қалыптаспаған мектеп оқушылары арасында буллингтің кең таралуы қоғамды алаңдатпай қоймайды. Сондықтан бұл ұғым заңмен бекітіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілді.

Айыппұл мөлшері

Алғаш рет ескерту беріледі немесе 10 АЕК айыппұл

Бір жыл ішінде қайталанса - 30 АЕК айыппұл

Ал жақында ғана Атырауда қатарластарын мектепте балтамен қуған оқушының бейнежазбасы тараған еді. Құлсарылық жеткіншекке қатысты  алғашқы сот отырысы өтті. Соттың шешімімен бала үйқамаққа қамалды. Мұндай шектеу тергеу амалдары аяқталғанға дейін жалғаспақ. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы хабарлады. Оқушыға тек мектеп пен медициналық ұйымдарға баруына рұқсат етілді. Биылдан бастап, мектептегі буллингке қатысты жаза қатаңдай түсті. Яғни айыппұл мөлшері ұлғайды. Егер қудалауды кәмелетке толмаған бала жасаса, оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал буллинг қорқыту, күш қолдану немесе ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда қылмыстық жауапкершілік  қарастырылуы мүмкін.

Шұғыла Маутбекова, Астана ҚПД Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор: 

- Ең алғаш рет буллинг анықталатын болса, 10АЕК дейінгі әкімшілік айыппұл салынады. Егер де сол жыл ішінде қайтадан қайталанса, 30 АЕК дейін әкімшілік айыппұл салынатын болады. Жалпы буллинг бойынша әр инспекторға берілген мектептерде аптасына 2 реттен біз тұрақты түрде барамыз. Мұғалімдермен, оның ішінде оқушылармен , оқушылардың ата-аналарымен міндетті түрде профилактикалық түсіндірме жұмыстарын, әртүрлі видеороликтер сонымен қатар психологтармен әлеуметтік-педагогтармен бірге жұмыс жасап отырамыз.

Мектептегі бала қудалауға ұшыраса, бұны бірден ата-анасы,  сынып жетекшісі не мектеп психологына хабарлағаны жөн. Мектеп бұл жағдайды тіркеп, тиісті шаралар қабылдауға міндетті. Сондай-ақ  Қазақстанда балалар мен жастарға арналған 111 нөмірлі тәулік бойы жұмыс істейтін анонимді Ұлттық сенім желісі бар. Мұнда кеңес алып, буллинг туралы хабарлауға болады. Ал қорқытып-үркіту, бопсалауға тап болса, бірден полицияға хабарласу қажет.

Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Бүгінгі күні министрлікпен зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға, буллинге ұшыраған балалараға көмек көрсету бойынша әдістемелік ұсынамдама әзірленген. Оның сыртында ата-аналарға да көмек көрсету жұмыс жасайды. Бізде ең бірінші барлық білім беру ұйымдарында 111 орталық  жұмыс жасайды.

Елде келер жылдан бастап егов платформасында «Баланың жолы» цифрлық жүйесі іске қосылады. Ол «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жұмыс істейді. Сонымен қатар әр баланы жеке қолдау мақсатында қамқоршылық органдарында кейс-менеджер қызметі енгізіледі. Педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтерге жаңа талаптар белгіленіп, олар жыл сайын оқытудан өтеді. Сонымен қатар қамқоршылық органдарының мамандарына жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінеді.    

Динара Закиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Балалар арасындағы буллинг мәселесіне келсек, «Заң мен тәртіп» жобасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар барлық жерде камераларға нақты арнайы бағдарлама енгізіледі. Бұл бейнебағдарлама арқылы балалар арасында агрессия анықталады. және бұл балалармен жеке жұмыс жүргізіледі.

Әр бала құқықтық мемлекетте өмір сүретінін білгені дұрыс, дейді мамандар. Демек жасөспірім өз құқығын білуі тиіс. Ал сол құқықты қорғап, баланы қысымсыз ортада тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет. Былтырдан бастап еліміздің білім беру жүйесінде «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы іске кірісті. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, балаларға қатысты құқықбұзушылықтар саны 2,3%-ға азайған.

Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарының барлығында терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін турникеттер орнатылды. Лицензияланған күзет қызметі жұмыс істейді. Дабыл Батырмалары мен бейнебақылаулар жүйесі басқару орталықтарына қосылған. Күзет қызметіне де қойылатын талаптар бекітілді. Бұл әрине өз кезегінде мектептердің қауіпсіздігін арттырады.

Елімізде шамамен 7 млн бала бар. Бұл жалпы халық санының 34 пайызын құрайды. Соңғы 10 жылда бала саны 1,5 млн-ға артты. Мұндай тұрақты демографиялық динамика балалардың құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын көрсетеді. Соңғы жылдары балалардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету саласында іргелі реформалар жүзеге асып жатыр. Ұлттық қор балаларға бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына түседі. Жинақталған қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған. Соңғы 3 жылда балалардың құқығын қорғауға бағытталған 10 заң қабылданды. Балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза күшейтілді.

Қазақстанда 7 миллион бала бар.

Жалпы халық санының 34% құрайды

10 жылда балалар саны 1,5 млн артты.