Конституциялық реформа ұлттық сананы жаңғыртады

Конституциялық реформа Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесін жетілдіруге және ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болады.

Түрксой ұйымы мемлекет басшысының бастамасына осылай деп баға берді. Құрылымның бас хатшысы Сұлтан Раевтың айтуынша, Конституциялық реформа Астананың қайта жаңғыру үдерісін жеделдетеді. Бауырлас елдер арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайта түседі. Мұндай өзгерістер тарихи сабақтастық пен дәстүрлі құндылықты сақтай отырып, жаңаша даму үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді, дейді Раев.

Сұлтан Раев, Түрксой халықаралық ұйымының бас хатшысы:

- Қазақстанның жаңару жолындағы бұл қадамы елдің ғана емес, жалпы түркі дүниесінің тұрақтылығы мен өркендеуіне оң ықпал етеді деп ойлаймыз. Түркі өркениетінде құрылтай қоғамның маңызды мәселелерін талқылап, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтатын беделді қоғамдық-саяси алаң болғаны белгілі. Бүгінгі Ұлттық құрылтай да осы тарихи сабақтастықты сақтай отырып, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамытуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және стратегиялық бағыттарды айқындауға қызмет ететініне сенімдімін.