Шымкентте оқушы қауіпсіздігін ЖИ қорғайды

Шымкентте оқушылардың қауіпсіздігін енді жасанды интеллект қамтамасыз етеді. Мектептердегі бейнебақылау құрылғылары біріңғай ақылды жүйеге қосылды.

Цифрлық платформа балалардың көңіл-күйін қалт жібермейді. Қобалжып әлде ашуланып тұр ма, немесе күйзелісте жүр ме, бірден анықтайды. Жасөспірімдер арасында жанжал туындайтындай жағдай болса, дереу полицияға хабар береді.

Мектепте оқыс жағдай бола қалса, жасанды интеллект автоматты түрде дабыл қағады. Камера түсірген кадрлар жедел басқару орталығына санаулы секундта жолданады. Мына мектепте 200-ге жуық бейнекамера бар. Цифрлық қауіпсіздік жүйесі оқу сыныптарын, дәліздердің, тіптен ғимарат аумағын тәулік бойы бақылайды.

Анар Аманқұлова, №1 мектеп-гимназия директоры:

- Қазір мектеп аумағында қанша оқушы жүргенін ақылды жүйе анық көрсетіп тұр. Бізде сабақ екі ауысыммен жүреді. Бірінші ауысымда 52 сынып оқиды. Мектепке 1 мың 300-ден астам бала келеді. Жасанды зерде ешкімді назардан тыс қалдырмайды.

Қуаныш Ысқақов, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы:

- Жасанды зерде оқушылар арасында жанжал туындаса, бірден байқайды. Адамның бет-әлпетіндегі ашу белгілерінен бөлек суық қару, атыс құралдары бар-жоғын тез саралайды. Мектеп шатыры мен жертөлесіне де бейнекамера қойылған. Ол жерге бала барса, дереу белгі береді.

Цифрландыру қауіпсіздікпен қатар оқушылардың оқу үлгерімін де жақсартқан. Мектеп басшылығы сабаққа кешігіп келген баланы біліп отырады. Ақылды технологияны асхана қызметі де қолданады. Тегін тамақ оқушының алақанын сканерлеу арқылы беріледі. Осылайша, қажетті азық-түліктің мөлшері нақтыланып, соңғы 4 айда 600 млн теңге үнемделген. Сандық үлгідегі аудит жемқорлықтың алдын алады. Оқушы мен мұғалім санын әдейі көбейтіп көрсетуге жол бермейді.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Кейбір мектептерде «өлі жандар» деп айтылады ғой. Бұйрық шығарылған, жұмысқа қабылданған. Мектепте жұмыс істейді делінген адамдардың шындап келгенде тек айлық алып отырғанын, олардың жұмысқа келмейтінін анықтап бірнеше фактіні арнайы қызметтерге жолдап қойдық. Бұл бойынша жақында тергеу амалдары басталды.

Білім басқармасының мәліметінше, жасанды зердемен қамтылған цифрлық құралдар білім ошақтарын ашық түрде әрі тиімді басқаруға ықпал етеді. Осы орайда мектептерінің қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге 6 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов