Атырау облысында қатты қалдықтар қайта өңделеді
Атырауда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бағытында ауқымды жоба жүзеге асады. Биыл облыс орталығында тәулігіне 20 тоннаға дейін қатты қалдық өңдейтін жаңа өндірістік желі іске қосылады.
Жоба аясында пластикалық қалдықтар терең өңделіп, жылына 7 мың тоннаға дейін поли-эфирлі штапель талшық өндіріледі. Кәсіпорынның жобалық құны шамамен 1 млрд 600 млн теңге. Мұнайлы өңірде тұрмыстық қалдық мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда Атырау қаласының іргесіндегі қоқыс полигонында 3 млн тоннадан астам қатты қалдық жиналған. Қалдықтар сұрыпталғанымен, оларды толық кәдеге жарату жолға қойылмаған. Биыл бұл бағытта жалпы құны 4,1 млрд теңге болатын 5 жоба іске асады. Оның ішінде тамақ қалдықтарынан мал азығы мен био-гумус өндіретін кәсіпорын да бар. Сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуге ниетті мекемелерге жеңілдетілген несие беру қарастырылған.
Эльмира Сыдықова, облыстық Табиғи ресурстар және ТПР басқармасының бөлім басшысы:
- Оның мақсаты сұрыпталған пластикалық қалдықтарды қайтадан кәдеге жарату. Қаржыландырудан өтті. Қазір біртіндеп қажетті құрал-жабдықтары келіп жатыр. Осы жобаларды бірінші жарты жылдықта іске қосу жоспарлануда. «Жасыл даму» АҚ арқылы «Өнеркәсіпті дамыту» қоры арқылы 3 пайызбен 15 жылға несие арқылы қаржыландырылуда.