Қазақстан Конституциясы СhatGPT көзімен
Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде қоғамда болып жатқан өзгерістерді тереңірек түсіну үшін технология көмегіне жүгінетіндер саны артып келеді.
Осыған орай біз ChatGPT жүйесінің елдегі конституциялық реформалар туралы қаншалықты хабардар екенін білмек болып, оған тікелей сауал жолдадық.
ChatGPT:
- Қазақстан Конституциясы – елдің негізгі заңы. Ол 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Содан бері оған бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Елеулі реформалардың бірі 1998 жылы жүзеге асырылып, билік құрылымы мен өкілеттік мерзімдеріне қатысты өзгерістер енгізілді. 2007 жылы Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту бағытында бірқатар құзыреттер қайта бөлінді. Ал 2017 жылы Үкімет пен Парламенттің рөлін күшейтіп, Президент өкілеттіктерінің бір бөлігін қысқартқан ауқымды саяси реформа жүргізілді.
Цифрлық жүйе деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін ауқымды конституциялық реформа жүзеге асты. Сол кезеңде Парламенттің рөлі күшейтіліп, адам құқықтарының кепілдіктері кеңейтілді. Президенттің жақын туыстарына жоғары мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Мұнымен қоса, Конституциялық сот құру нормасы бекітілді. Жасанды интеллект қазіргі реформалар туралы да мағұлмат берді. Қандай өзгерістер ұсынылып отырғанын, қоғам талқысына шығарылған бастамалардың маңызды тұсын түсіндірді.
ChatGPT:
- Бұл жай ғана түзетулер емес – жаңа Негізгі Конституция ұсынылуда. Сондықтан жекелеген өзгерістер емес, жалпыұлттық референдум өткізіледі. 2026 жылғы конституциялық реформа – негізгі заңды терең жаңғырту үдерісі. Ол билік құрылымын өзгертуді, адам құқықтарының рөлін күшейтуді, мемлекеттік басқарудың жаңартылған қағидаттарын енгізуді және өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейді.
Жаңа Ата заң жобасы қазақстандықтарға түсінікті ме деген сұраққа жүйе былай жауап берді. Конституция мәтінінің анағұрлым жеңілдетілгенін атап өтті. Бұрын құжатта күрделі сілтемелер, ұзақ сөйлемдер мен құқықтық терминдер көп болатын. Заңгерлер үшін бұл қалыпты жағдай саналғанымен, қарапайым халық үшін «мамандарға арналған құжат» сияқты көрінетін.
ChatGPT:
- Жаңа нұсқада бірқатар өзгеріс айқын байқалады. Біріншіден, сөйлемдер қысқарған. Адам ойына ұғыныңқы әрі адам артық жүктемесіз соңына дейін оқып шыға алады. Екіншіден, көпсатылы, күрделі тұжырымдар азайған. Бұрын бір баптың өзінде норма, ерекшелік, қосымша ескерту және басқа заңға сілтеме қатар келуі мүмкін еді. Қазіргі жобасы анағұрлым жүйелі. Үшіншіден, ұсынымдар азаматтардың шынайы өміріне негізделген. Мысалы, цифрлық құқықтар. Адамдар күнделікті жаңалықтардан естіп, білетін жайттар. Бұл норма нақты тәжірибемен байланысты болған сайын, оны қабылдау да жеңілдейді.
Нейрожүйенің пікірінше, жаңа Конституцияның құқықтық тілі жеңілдей түскен. Алайда одан да маңыздысы – қоғамның реформаның өзіне деген көзқарасы мен қабылдауы. Құжат мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізіледі. Енді маңызды құжат жобасы республикалық референдумға шығарылды. Елде 15 наурызда маңызды науқан өтеді. Енді түпкілікті шешімді халық қабылдайды.
Авторы: Кәмшат Мұхамеджан