Атырауда апатты үйлер мәселесі өзекті болып тұр

Атырауда апатты үйлердің мәселесі әлі де өзекті.

Қазір облыс орталығында 89 үй апатты күйде. Жергілікті билік бұл мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін айтады. Әбігер болған тұрғындар редакциямызға хабарласқан еді.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Мына үйлердің салынғанына 70 жылдан асты. Әбден тозығы жеткен үйлердің жағдайы қазір нашар. Қабырғасы жарылып, іргетасы отырған. Қыста жылу жөнді жеткізілмейді, дейді тұрғындар. Мұнда тұру мүмкін болмағаннан кейін кейбірі басқа пәтер жалдап кеткен. 

Қала орталығындағы Баймұқанов көшесінде орналасқан мына үйдің сырты бүтін болғанымен ішкі көрінісі көңіл көншітпейді. Кіреберісінен қабылғаларының дымқылданып, инженерлік желілердің тозғанын аңғаруға болады. 

Айзада Мырзағалиева мұнда тұру қауіпті, дейді. Басқа барар жері болмағаннан кейін ай сайын жамап-жасқауға мәжбүр. Бұл үйлер жазда масаның ордасына айналса, қыста өте суық екен. 

Айзада Мырзағалиева, қала тұрғыны:

- Мына домда көп үлкен кісілер. Әже, аталар көп. Жастар жағы енді үйтіп-бүйтіп, ремонтын жасап, сыртын жамап, мынаны бірдеңе қылады. Бірақ одан ешқандай пайда жоқ. 

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл үйлердің мәселесі 2029 жылға дейін шешіледі. Жұмыстар «Ескі үйлерді сүріп, тұрғындарды жаңа баспанамен қамтуға арналған жол картасына» сәйкес жүзеге асырылады,- дейді олар. 

Ғасырбек Төлеген, қалалық әкімдіктің ресми өкілі:

- Баймұқанов 23, 23а, Шүкір Еркінов 4 мекен-жайлары бойынша қазіргі таңда тұрғындардың келісім парағын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені бұл жерде бұл процесс өте маңызды. Тұрғындардың барлығы көшіру жұмыстарына, жол картасына енгізу жұмыстарына келісімдерін беруі керек. Содан кейін барып, бұл тұрғын үйлер жол картасының тізімдеріне енгізіледі. Аталған жаңағы тұрғын үйлердің көшіру жұмыстары толық жол картасына енгізілгеннен кейін олар жыл бойынша бөлініске бөлініп, жоспарланатын болады.

Былтыр облыс орталығында 133 пәтердің тұрғындары көшіріліп, қос қабатты 8 үй сүрілген. Ал биыл апатты күйдегі көп қабатты 6 үйді бұзу жоспарланып отыр.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин