Қызылорда облысында дәрігерлерге көтермеақы төленеді
Қызылорда облысында алдағы үш жылда дәрігер тапшылығы мәселесі толықтай шешілмек.
Ол үшін өңірдегі шалғай ауылдарға барған әрбір маманға 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек беріліп жатыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында биылдың өзінде кадр тапшылығы едәуір азайған. Арал аудандық ауруханасының кардиологы Мұхаммед Арынғазының қызметке орналасқанына бір жыл толды. Батыс Қазақстан медицина университетінің түлегі оқу бітірген бойда туған жеріне қайтуды жөн көрген. Жас маманның ауылға тұрақтап, жұмысқа белсене кірісуіне мемлекеттік қолдаудың да септігі тиді. Оған 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз көмек берілген.
Мұхаммед Арынғазы, кардиолог дәрігер:
- 8,5 млн теңге өзімнің есебіме түсіп, осы жаққа бір жағынан жастарға мотивация деп болды және әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында жасалған бағдарлама өте керемет. Кіндік қаның тамған жерге неге маңдай терің тамбасқа деп, сол себепті де осы ауылға деген қызметімді атқарайын, ауылдағы тұрғындарға көмектесейін, жоғары сапалы ем жасау арқылы ауылдық тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында келгенмін.
Реаниматолог Нұрперзент Мырзаханұлы да – мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген мамандардың бірі. Аралдағы ауруханаға бұл бағыттағы дәрігер аса қажет еді. Шалғай аймақ болғандықтан, білікті кадрларды тарту оңайға соқпаған. Десе де өткен жылы бұл мәселе оң шешімін тапты.
Нұрперзент Мырзаханұлы, реаниматолог дәрігер:
- Мамандарға шет аймақта жұмыс жасауға деген жігерлендіру деп ойлаймын. Қазіргі уақытта жастар ауылға шет аймақтарға келе бермейді, сол себепті жақсы қолдау деп білемін.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қаржылай қолдау дәрігерлердің ауылда қалуына тікелей әсер етіп отыр. Мәселен, Қызылорда облысында 2024 жылы 5 дәрігер, ал 2025 жылы 10 маман 8 жарым миллион теңге көлеміндегі біржолғы төлемге ие болған. Ал биыл мұндай қолдау 20 дәрігерге беріледі.
Олжас Ысқақов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- 2024 жылы бізге қажеттілігіміз бойынша 165 маман туды. 2025 жылы біз 130 бен 140 арасында тоқтадық. 2026 жылдың 1 қаңтарына бізге 96 маманның қажеттілігі туындап отыр. Ол бір жағынан айта кету керек, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес ұлттық жоба қабылданды. Ауданаралық ауруханалар деңгейіндегі кардиохирургиялық, эндоваскулярлық операциялар жасауға тар буынды мамандардың қажеттілігі орын алуына орай, олардың бәрі қазір оқытылып, ертең ұлттық жоба аясында тиісті қондырғылар келгеннен кейін сол жерде жұмысын жасайтын болады.
Өңірде медицина мамандарын даярлау үшін жыл сайын 70-тен астам грант бөлінеді. Жергілікті билік алдағы үш жылда аймақтағы дәрігер тапшылығын толықтай шешуді көздеп отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев