Ақшұқырдың тек ер мұғалімдерінен құралған хор талайды тамсандырды

Ақшұқыр ауылындағы мектеп-лицейде 40 ер мұғалім сабақ береді. Олар оқушыларға тек білім, тәрбие беріп қана жүрген жоқ, өнерде үлгі болып келеді. Қырқы бірдей хорға қатысады.

Әрқайсы әр уақытта әр пәннен сабақ бергенмен, сахнада бірге. Ақшұқырдың тек ер мұғалімдерінен құралған хор талайды тамсандырып, аймақ жұртының көзайымына айналды. Өнер мен ұстаздықты ұштастырған ер азаматтар кезекті мәдени шараға дайындық үстінде. Олар 2021 жылы хор құрып, облыс деңгейіндегі байқауларда талай рет топ жарған. Хор репертуары негізінен халық әндерінен тұрады. Бауыржан Айманов – тарих пәнінің мұғалімі. Ұстаздың айтуынша, әріптестері спорттық сайыстарға да белсене қатысады.  

Бауыржан Айманов, тарих пәнінің мұғалімі:

- Бірімізге аға, бірімізге іні ретінде өнер бағытында біз «Маңғыстау жұлдыздары» дейтін сайысқа қатысып, 1-ші орынды алдық. Бас жүлдені алдық. Осының барлығы біздің ұжымдағы ер адамдардың беделін, ауызбіршілігін көрсетеді деп айтқым келеді.

Қанат Мұратов, математика пәнінің мұғалімі:

- Осы жердегі апайлармен қазір бірге әріптеспіз. «Білім - тал бесіктен басталады» дегендей, қазір оқушыларға сол білімді үйрету мен үшін үлкен бір құрмет деп санаймын.

Мектеп-лицейде жүзге жуық мұғалім еңбек етеді. Тең жартысына жуығы – ер азамат. Кейбірі осы білім ошағынан түлеп ұшқан түлек. Ауыл мектебін ұзақ жылдар басқарған білікті ұстаз Қаламқас Тілеубаева бір ұжымға осынша ер адамды жинауға мемлекеттік және өңірлік білім бағдарламалары оң ықпал еткенін айтады.  

Қаламқас Тілеубаева, «ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің иегері:

- Әр жердегі мықты мұғалімдерге шынымды айтайын сұрау жіберемін. Сол уақытта «Дипломпен ауылға» бағдарламасы болды. Сол бағдарламамен жергілікті әкімшілікпен, аудан әкімдігімен келісе отырып, мына жерде тұрғын үйлер салынды. Сол тұрғын үйдің 10-нын ер азаматтарға алып бердім. Олимпиададан жүлдегер болып шыққан ұл балаларым қазір осы мектепте қызмет жасайды.

Ер мұғалімдердің көптігімен танылған мектеп ұжымы білім беру саласында зор жетістіктерге жетті. Оқушылары жыл сайын республикалық сайыстарда жеңімпаз атанып жүр. Ер мұғалім мәртебесін биік қойған білім ордасында әкелер клубы жұмыс істейді. Көпшілікке сыйлы азаматтардың тәрбиелік бағыттағы шараларды жиі өткізуінің арқасында оқушылар арасындағы бірде бір құқықбұзушылық дерегі тіркелмеген. Ұстаздар енді өздерінің бұл өнерін болашақта шәкірттері де жалғастырады деп сенеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев