Үкімет экономиканы әртараптандырудың тәсілдерін қарады
Алдағы 3 жылда Қазақстан негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін 2,5 есе арттырады. Үкімет 2029 жылға қарай 400 млрд доллар жиынтық қаржы тартуды көздеп отыр.
Металлургия, мұнай химиясы, газ өндірісі мен фармацевтика салаларын ілгерілетуге басымдық берілмек. Алда атқарылар ауқымды шаруаның бірқатары бүгін үкімет отырысында талқыланды.
Ел экономикасының бүгіні мен болашағы туралы айтылғанда алдымен сөзді премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі бастады. Серік Жұманғарин салмақты сандарды сөйлетті. Айтуынша, Қазақстан экономика күрделілігі бойынша әлемнің ТОП-50 еліне жақындады. Былтырғы көрсеткіш те жаман емес. Ендігі мақсат осы қарқынын еселей түсу. Межеге жету үшін инвестициялар көлемін ұлғайту көзделген. Ұлттық жоспардағы болжам бойынша шетел қаржысының жалпы ішкі өңімге қатынасы 23%-ға дейін ұлғаяды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс. Көрсеткіштің 2029 жылға қарай 23%-ға дейін кезең-кезеңімен өсуі қосымша 120 млрд АҚШ доллары мөлшерінде қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2025-2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестициялар 400 млрд АҚШ долларына жетеді.
Экономикадағы үлесі басым бағыттың бірі - өңдеу өнеркәсібі. Саланың болашақ бағдарын айқындайтын 17 ірі инвестициялық жоба іріктеліп алыныпты. Қазіргі таңда министрлік 9 жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың екеуін өткен жылы іске қосып үлгерген. Қалғандары кезең-кезеңімен аяқталады. Жоспарлы жұмыс ойдағыдай орындалса, жалпы өндіріс көлемі $7,3 млрд-қа жетеді деп сендірді сала министрі. Ауыл шаруашалығы бағытта да атқарылар шаруа көп.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Тері мен жүн өңдеу бойынша өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру және жаңғырту жүргізілуде. 2025 жылы ірі нысандар пайдалануға берілді. Ақтөбе қаласында «Казфелтек» жылына 2,2 мың тонна жүн өңдеу жобасы (5,3 млрд теңге). Ақмола облысында – «Агро Протеин» қуаттылығы 2,4 мың тонна азықтық қоспалар өндіру жобасы. Саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олар қосымша 1,3 млн тонна өңдеу қуатын енгізетін болады.
Ел экономикасының өсімі тұрақты деп тоқмейілсуге болмайды. Қазір жаһандық бәсекенің күшейген кезі. Осылай деген үкімет басшысы жедел ынталандыру шарасын бастау керектігін айтты. Атқарылуы тиіс алғашқы шаруа - жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою. Бұл бағытта жаңа жобалардың тізбесі түзілуі тиіс. Олжас Бектенов бірқатар жауаптыларға нақты тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазір көптеген мемлекет экономикалық өсімді ынталандыруға қыруар қаржы бөліп жатыр. Мен өзіңізге де, Серік Мақашұлы, тиісті ақпаратты жібердім. Германия және басқа да елдер осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бізге де осы бағытта жұмысты істеу қажет. Бізге қарқынды экономикалық өсім керек. Әрине, сапасы да болуы тиіс және қарқыны да маңызды.
Осылайша, Қазақстанда импортқа тәуелділікті азайту үшін бірқатар маңызды бастама әзірленіп жатыр. Азық-түлік саласында 12 бағытты дамытуға басымдық беріледі. Бұдан бөлек, азық-түлікке жатпайтын салалар бойынша да өндіріс көлемін арттыру көзделген. Ішкі нарықты отандық тауарлармен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасы іске асырылады.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Марат Диханбаев