Шаңғыдан қоссайыс: Шыңғыс Ракпаров Олимпиададағы жарыс жолын аяқтады

Шыңғыс Ракпаров Олимпиада ойындарындағы жарыс жолын аяқтады.

Отандасымыз шаңғы қоссайысынан сынға түсіп, алғашқы кезеңде яғни тұғырдан секіруден 35-орын алды. Ал шаңғымен еркін стильде 10 шақырымдық бәсекеде мәреге 32-ші болып жетті. Уақыт көрсеткіші 32 минут 42 секунд. Бұл Шыңғыстың мансабындағы 2-олимпиада. Ол 4 жыл бұрын Бейжіңде спорттың осы түрінен ақ ойындарға жолдама алған тұңғыш қазақстандық атанған еді.

С. Самоделкина жеке рекордын жаңартты

Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан шешуші еркін бағдарламаға жолдама алды. Ол қысқа бағдарламасында 68,47 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Әзірге бұл сында жапониялық қос бірдей спортшы көш бастап тұр. Ами Накаи 78,71 ұпай жинаса, Каори Сакамото 77,23 ұпаймен екінші орында. Ал АҚШ спортшысы Алиса Лю 76,59 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр. Шешуші еркін бағдарлама ертең түнде 23:00-де басталады. 

Софья Самоделкина, мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама мүшесі:

- Өте ризамын. Бұл менің осы уақытқа дейінгі ең үздік өнер көрсетуім болды. Спорттық мансабымның бастамасы деп ойлаймын. Элементтердің барлығын жоғары деңгейде орындап шықтым. Көңілімнен 100 пайыз шықты. Бапкерім де дән риза. Енді еркін бағдарламада бар күшімді саламын. 

Бүгін 8 отандасымыз жарыс жолына шығады

Бүгін 4 спорт түрінен 8 отандасымыз жарыс жолына шығады. Әуелі шаңғыдан әйелдерден Надежда Степашкина мен Дарья Ряжко өнер көрсетсе, ерлерден Наиль Башмаков пен Әмірғали Мұратбеков сынға түседі. Ал тау шаңғысынан Александра Скородхова бақ сынайды. Одан бөлек фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас іріктеу кезеңіне қатысады. Сондай-ақ медальдан үмітті шорт-трекшілеріміз Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша мұзайдынға шығады. Ширек финалдық бәсекелер түнгі 00:15-те басталады.   

Жандос Айтбай, спорт сарапшысы:           

- Ширек финалдан жартылай финалға жолдама алып жатса әр жағында финал көрініп тұр және жүлденің ауылы да жақындай түседі. Енді Абзалдың, Денистің қоржынында барлық жарыстың жүлдесі бар. Оларға Олимпиада жүлдесі ғана жетпей тұр. Бұл біз үшін құтты арена. М. Шайдоров дәл осы мұзайдында алғашқы алтынды салған болатын.