Карьерден фабрикаға дейін

Қазақстан алтын сатып алу бойынша тарихи рекорд орнатып, бір жылда оның көлемі 57 тоннаға артты. Бұл жер астындағы қазба байлықты тиімді игерудің нәтижесі.

Елімізде бағалы металдың 1 граммын өндіру үшін 1 тоннадан аса топырақ сүзіледі екен. Оның артында мыңға жуық адамның еңбегі бар. Біздің тілшілер «Алтыналмас» акционерлік қоғамына қарасты «Пустынное» кен орнымен танысып, карьерден фабрикаға дейінгі жұмысты көріп қайтты. 

«Алтыналмас» акционерлік қоғамы елдегі ірі алтын өндірушілердің бірі. Компания 5 өңірдегі қымбат металды игереді. Соның бірі – Қарағанды облысындағы «Пустынное» кеніші. Мұнда жылына 3 млн тонна топырақ ұнтақталып, алтыны сүзіледі. Өндіріс толықтай заманауи техникамен жабдықталып, жүйе автоматтандырылған.

Ұласхан Қосжанов, «Пустынное» тау-кен байыту кешенінің бас инженері:

- Өндіріс жұмыстарының бәрі толықтай цифрландырылған. Бізде цифрландыру мақсатында ВенкоМайн деген құрылғы қолданылады. Сол құрылғының арқасында біздер толықтай карьердегі өндіріс жұмыстарын қазіргі уақытта бақылап отырамыз.

«Долинное» кеніші іске қосылып, өңделетін руда көлемі екі есеге артты. «Алтыналмас» компаниясы өндірістен бөлек инфрақұрылымды жаңартып, экологиялық қауіпсіздік басты назарда ұстайды. Сонымен қатар 2025-2027 жылдары өңірді дамыту үшін 28 млрд теңге бөлінді.

Айдын Дарханұлы, «Пустынное» тау-кен байыту кешенінің директоры:

- Қарағанды облысының әкімшілігімен келісілген меморандумға сәйкес біздің тау-кен байыту кешенімізге жақын орналасқан елдімекендерге де көмегімізді жасап отырамыз. 2025 жылы  Ақжар ауылына футбол алаңы салынды, ауылдық орта мектебіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2026 жылы «Пустынное» тау-кен байыту комбинатын дамытуға 23,75 млрд теңге инвестиция салынады. Бұл қаражат өндірісті кеңейту, жаңғырту және жерасты өндіріс әдісін дамытуға арналған.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов