Қазақстандық өнім қант диабетіне төтеп береді
Жарақат неге жазылмайды, адам неге тез шаршайды? Көп дүние асқа байланысты дейді ғалымдар. Ас - адамның арқауы! Бірақ қазіргідей таң мезгілінде қандай тамақ ішкен абзал?
Отандық ғалымдар осыны ескеріп арнайы ас мәзірін әзірледі. Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының жаңа өнімі дәнді дақылдардан құралған. Ғалымдардың айтуынша дәнді дақылды жиі тұтыну қант диабетін 20-30, жүрек-қан тамырлары дертін 15-25 пайызға азайтады. Бірақ халықтың 70-80 пайызы бұл өнім түрлерін күнделікті тұтына бермейді. Жаңа өнімнің дәмін алғашқылардың бірі болып тілшіміз Нұрқанат Қанапия татып көрді.
Отандық ғалымдар қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алатын диеталық ас әзірледі. Сұлы, арпа, тары, бидай сияқты дақылдар негізінде жасалған тағамды таңғы ас ретінде жеуге болады. В тобының дәрумендері мен минералды элементтерге бай өнім шетелдік мақтаулы брендтерден кем түспейді дейді зерттеушілер.
Мұхтар Тұлтабаев, техника ғылымдарының докторы:
Пандемиядан кейін халық тамаққа ерекше назар аудара бастады. Ал біз сұранысқа лайық өнім ұсынуымыз қажет. Жаңа өнім дәнді дақылдардан жасалады. Қоспа жоқ. Бұдан бөлек сәбіз бен қызылша ұнтағын қостық. Соның арқасында адам ағзасындағы глюкоза деңгейі төмендейді.
Иә, ағзада глюкоза көбейсе, жүрек әлсіреп, қант диабетіне шалдығуыңыз мүмкін. Адам тез шаршап, жиі шөлдейді. Денеге түскен жарақат та жазылмай, ұзақ жүріп алады.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
Мен қазір алғаш рет бұл тағамның дәмін көрейін деп отырмын. Бұл өнімнің құрамында күріш, арпа, жүгері сынды дақылдар бар. Дәмі өте жағымды. Өзіміздің күнделікті жеп жүрген күріш ботқасының дәміне ұқсайды. Және бастысы бұл қантсыз.
Жаңа өнім құрамы күмәнді импорттық өнімдерді алмастыруды көздейді. Жергілікті шикізатты қолданғандықтан бағасы да анағұрлым арзан болмақ. Мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық көп.
Анар Құрманбаева, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
Қазақстанның түпкір-түпкірінен түрлі бизнес өкілдерінен қызығушылықтың жоғары екенін байқап отырмыз. 17 ғылыми жоба қазір коммерцияландыруға жол тартты. Сонымен қатар күні бүгін, мысалы, үш жылдық ғылыми жобаның үшінші жылын аяқтауға дайындалып жүрміз. Күні бүгінде бизнес өкілдері келіп, біздің жобамыздың бітуін және патент алуымызды күтіп жүрген көріністі көріп отырмыз. Яғни біздің жұмысымыздың нәтижесі жоғары сұранысқа ие.
Ғалымдар таңғы асты дайындауды 2024 жылы қолға алды. Жобаға Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 70 млн теңгеден аса қаржы бөлінді. Жаңа өнім келесі жылдан бастап дүкен сөресіне шығарылуға тиіс.
Нұрқанат Қанапия, Досбол Байділдә 24KZ