Үржардың 7 ауылында медпункт ашылды
Үржарда жеті бірдей ауылда жаңа медициналық нысан ашылды. Шалғайдағы тұрғындар үшін дәрігердің қасында болғаны абзал, әрине.
Бұрын ем алу үшін аудан орталығына сабылатын еді халық. Енді жаңа нысандар сыңғырлап тұр. Заманауи талаптарға сай, қажетті құрал-жабдықтармен түгел қамтылған.
Мақсат Әзімбаев – Ер Қабанбай ауылының байырғы тұрғыны. Денсаулығына байланысты ауылдағы медициналық пунктке жүгінген. Айтуынша, елді мекенде бұған дейін мұндай заманауи медициналық нысан болмапты.
Мақсат Әзімбаев, Ер Қабанбай ауылының тұрғыны:
- Арасында осы мекемеге келіп ауырған сырқаған кездерде келіп қараламыз. Бұрынғы ескі мекемеміз тарлау, ескілеу еді. Жұмыстан ауырып келіп едім, осы жерге келіп ем-домымды алып жатырмын. Дәрігерге рақмет.
Медициналық -санитарлық көмек көрсету орталықтары «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ашылды. Жаңа нысандардың барлығы заманауи талаптарға сай салынған.
Фаризат Абдрахманова, дәрігер:
- Бұл мекемеде жаңа технологиялармен бәрімен қамтамасыз етілгендіктен науқастар барлық зерттеулер мен ем-домдарды осы жерден ала алады. Егерде белгілі бір саланың маманынан кеңес керек болып жатса, сол жағдайда ғана ауданға қарай қатынайды.
Ал Жоғарғы Егінсу ауылындағы медициналық амбулатория мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Жаңа нысанда қазір он адам жұмыс істейді. Сапалы медицицналық көмек көрсету үшін ауылдағы амбулаторияға түрлі аппараттар қойылған. Айта кетейік, осы секілді медицицналық нысандар Үржар ауданына қарасты 7 ауылда қолданысқа берілді.
Зәулім Зұрманқызы, Жоғарғы Егінсу ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері:
- Балаларға және үлкендерге қабылдау жүргізіледі. Екпе жүргізіліп, күнделікті ем шаралар жасалады. Больницада жақсы аппараттармен қамтамасыз етілген.Оның ішінде магниттерапия аппараттары, ультрадыбыстық зерттеу және электротерапия аппараттары портативті электрокордиограф бар.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Соңғы үш жылда Абай облысының ауылдық елді мекендерінде 70-ке жуық медициналық нысан салынды. Олардың қатарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен аудандық ауруханалар бар. Бүгінде нысандардың басым бөлігі пайдалануға берілді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков