Павлодарда лимон пісті

Ертіс өңірі Павлодарда лимон пісті. Жалпы Павлодар өңірінде қарағай, қайың ғана өспейді, жеміс ағаштары да жерсінген. Мұнда алманың 35, алмұрттың 6 түрі бар. 

Экология және туризм мектебінің 3 жарым гектарды қамтитын аумағында жеміс ағаштарының 200-ге жуық түрі өсіріледі. Бұл жерге әсіресе оқушылар мен студенттер көп келеді. Олар жазы-қысы жылыжайдағы тропикалық өсімдіктерді баптауға көмектеседі.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жылыжай кешені болашақ орман шаруашылығы мамандарына арналған маңызды оқу-тәжірибелік база. Мұнда тропикалық, субтропикалық және жергілікті жерде өсетін өсімдіктердің екі жүзге тарта түрі бар. Студенттер оларды күтіп баптауды, көбейтуді үйренеді. Сондай-ақ топырақты талдау, зиянкестермен күресу тәсілдерін меңгереді.

Бұл жолы студенттерге лимон ағашын қалемше арқылы, яғни өсімдіктен бөлініп алынған сабақты өсіру жолымен көбейту тәсілі көрсетілді. Жастар өз қолымен еккен көшеттердің ары қарай өсуін бақылайды. Бұған дейін қарағай мен емен ағашының тұқымы егілген болатын. Бұл орман өсірудің алғы шарттары.

Балнұр Мақанова, студент:

- Қазіргі уақытта экологиялық орталығында тәжірибеден өтіп жатырмыз. Тәжірибе барысында біз ағаштар мен өсімдіктерді күтіп-баптауды үйренеміз. Бұл тәжірибе біз үшін өте маңызды. Себебі болашақта орман мен табиғатты қорғау біздің міндетіміз. Бізге осы жері ұнайды.

Жылыжай меңгерушісі Ахмет Қапашев болашақ орманшыларды өсімдік тануға баулиды.  Олар  көктемде көкөніс көшетін егуге қолқабыс етеді. Күзде    өнім  жинауға көмектеседі. Мұнда жеміс ағаштарының 200-ден аса түрі бар.  Суыққа төзімді, солтүстіктің климатына бейімделген алманың 35, алмұрттың 6 түрі өседі.

Ахмет Қапашев, Экология және туризм орталығының туризм меңгерушісі:

- Біз студенттермен тұқымдарды, олардың түрлерін,  ұқсастығын анықтау және тазалау әдістерін үйренеміз. Алдыңғы сабақта біз қарағай мен қылқан жапырақты ағаш  тұқымдарын контейнерге еккен едік. Тұқымды тікелей жаңадан жиналған қарағай бүрінен  алдық. Енді студенттер оларды колледжге апарып, контейнерде өсіреді. Ал күзде көшеттерді топыраққа отырғызамыз.

Павлодар облысы бойынша биыл 8 миллионға жуық ағаш егу жоспарланған. Бұл іске оқушылар мен студенттер де өз үлесін қоспақ. Ал, экология және туризм орталығында жеміс ағаштары мен экзотикалық өсімдіктерден бөлек гүлдердің де сан алуан түрі өседі. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков