Ақтаулық оқушылар цифрлық платформа ойлап тапты
Жасанды интеллект элементтері енгізілген жоба туристерге бағыт-бағдар көрсетуге арналған.
Көрікті жерлер, демалыс орындары, такси және аудармашы қызметі сынды қажетті ақпараттар бір платформаға жинақталған. Жасөспірімдердің пилоттық жобасы Астанада өткен байқауда топ жарып, қомақты жүлдеге ие болды.
Цифрлық платформа «KenDala» деп аталады. Авторлары жоба арқылы кең байтақ қазақ даласының көрікті жерлерін насихаттағысы келеді. Ақпараттық платформаны жоғары сыныпта оқитын төрт оқушы бірігіп құрастырған. Дарынды жеткіншектер Маңғыстауға саяхаттап келушілерге оңтайлы сервистік қызметтің жоқтығын байқап, мәселені шешуге атсалысқан.
Әбдірахым Мұрат, жоба авторы:
- Серуендеп жүрген кезде біз бір шетелдік азаматтарды көрдік. Олар далада жүрген азаматтардан Қазақстан туралы, оның туристік жерлері туралы сұрап жатты. Сол себептен мен ойладым, достарыммен бірге біз неге Қазақстанымыздың туризмін дамытпаймыз ба деп.
Азамат Жолжан, команда мүшесі:
- Адамның қажеттіліктері бойынша оған белгілі бір саяхат жасап береді. Мысалы, оның ақша қаражатына байланысты, неше күн демалғысы келетініне байланысты және қай жерде болғысы келетінен байланысты нұсқаулықтарды береді. Жасанды интеллектіміз генерация жасап береді.
Туристер қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, музыкалық аспаптары туралы ақпаратпен таныса алады. Платформада қазақ ғұламаларының өмір дерегі, ұлттық киім-кешек, ас-сусын түрлері жайлы мәлімет те жазылған. Оқушылар өз жобасын жергілікті тур агенттіктерге таныстырып, гид ретінде бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап қойған.
Қамар Күзен, сынып жетекшісі:
- Бір оқушы ІТ жағынан жауапты болса, баяндайды бір оқушы. Бірі дизайнмен жұмыс жасайды. Яғни, әр оқушының өзіндік жауапты қызметтері бар жоба барысында. Өздерінің жасаған еңбектері еленді. Нәтиже бар.
Білімпаз балалар жуырда Astana Hub алаңында өткен байқауда жеңімпаз атанды. Сайыстың қорытынды кезеңіне 10 команда өткен. Ақтаулық оқушылар инвесторлар алдында стартап жобасын сәтті қорғап шығып, 5 мың долларға ие болды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Жоба авторлары цифрлық платформаны жазға дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Жетілдіруден кейінгі нұсқасын туристерге көмекші құралы ретінде бүкіл Қазақстан бойынша қолдануға болады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев