Орталық пен аймақтардың байланысы жаңғырады
Қазақстанда орталық пен аймақтардың байланысын трансформациялау жоспарланып отыр.
Бұл жергілікті өзін өзі басқару механизмін күшейтіп, серіктестік қарым-қатынас моделін орнатады. Аталған өзгерістер жаңа конституцияның жобасында көзделген. Құжатта мемлекеттік органдардың өкілеттілігін қайта қарап, өңірлердің қаржылық тәуелсіздігі мен жергілікті билік өкілдерінің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін күшейту механизмдері қарастырылған. Сондықтан сарапшылар аймақтардағы мемлекеттік органдардың штатын күшейту керек деген пікірде.
Айбек Күмісбеков, Astana Open Dialogue негізін қалаушы:
- Аймақтарда мемлекеттік қызметкерлер жетіспейді. Олар халықпен тікелей жұмыс істейді. Бірақ бізде орталық мемлекеттік органдардың штаты үлкен. Олар деректерді жинап, талдаумен айналысады. Ал өңірлерде халыққа қызмет көрсететін мамандар жоқтың қасы. Бұған еңбек шарттары мен жалақыдағы айырмашылық себеп.
Енді орталық басқару функцияларының бір бөлігін аймақтарға береді. Өзі стратегиялық жоспарлау, қорғаныс, қауіпсіздік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етумен айналысады. Ал аймақтарға жеке бюджетін құруға мүмкіндік беріледі. Бұл өңірлердің экономикалық дербестігін арттырмақ.