Жаңа Конституция – дамудың берік негізі
«Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік құрылымның барлық қыры қамтылған.
Қоғам талқысына түсіп жатқан маңызды құжатта ел шекарасын нығайту, қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейтуден бастап, экологиялық мәселелерді шешу тетіктері де ұмыт қалмаған». Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жұртшылықпен, қоғам белсенділерімен, жастармен кездесіп, ел алдындағы маңызды кезең жайында ашық әңгіме өткізді.
Кенді Алтайға сапарлап келген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ең алдымен жұртшылықпен пікір алмасты. Ол өңірдегі қоғам белсенділерімен, мәслихат депутаттарымен, этномәдени бірлестік өкілдерімен және жастармен жүздесіп, Жаңа Конститутция жобасы жайын талқылады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің кешенді реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазір жүргізіліп жатқан Конститутциялық реформа сол іргелі жаңғыртулардың заңды әрі дәйекті жалғасы. Жаңа Конститутцияның жобасында заңмен тәртіп қағидатына азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға және орнықты даму бағдарына баса мән беріліп отыр. Бұл Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының жаңарған құқықтық негізін қалыптастыратын тарихи құжат. Бұл әділетті Қазақстанның Жаңа конституциялық моделінің негізін қалайды.
«Жаңа Ата заң жобасында экологиялық қауіпсіздік жайы да қозғалған. Демек, осы салада озық технологияға көшуге, экологиялық есеп-қисаптың ашықтығын қамтамасыз етуге мән беріледі»,-деді Мәулен Әшімбаев. Ал аспанын жиі көк тұман торлайтын Өскемен қаласы үшін бұл ережелердің орны айырықша. Сенат Төрағасы басқосуда этнобірлестік өкілдерінің де ойын тыңдады. Өңірде 74 этномәдени бірлестік, 7 Достық үйі жұмыс істейді. «Президенттің «Қазақстанның Халық кеңесін құру» туралы ұсынысы бүтін бір институт қызметін жаңа белеске көтерді»,- дейді жиналғандар.
Равиль Юнусов, ШҚО "Достық үйі-қоғамдық келісім" орталығының басшысы:
- Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдығын атап өттік. Менің ойымша бұл құрылым өз алдына қойған мақсатты толық орындады. Енді мінеки жаңа деңгейге қадам басқалы отырмыз. Бұл жаңа міндеттер жүктейтін кезең.
Мәулен Әшімбаев сапар аясында екі жыл бұрын ашылған «Лу бань» көлік шеберханасында болып, Smart технология саласындағы ғалымдар жетістігімен танысты. Бүгінде бұл орталық халықаралық деңгейдегі инженерлер мен техниктерді дайындап жатыр. Жалпы өңірдің белсенді жастары мемлекеттің басты құжатындағы өзгерістерге бей-жай қарамайды.
Бақдәулет Мұхамеддин, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғылыми қызметкері:
- Үшініші бапта адами капиталды дамытуға,білім беру,ғылым осының бәрі нақты көтерілген. Ол стратегиялық мәселе ретінде нақты қойылды. Яғни стратегиялық даму бағыттарының бірі ретінде бұл әрине барша ғалымдарды, жастарды қуантады деп ойлаймын.
Сенат Төрағасы Өскемендегі өндіріс орындары мен кәсіпорындарды аралады. 2 мыңнан астам адам жұмыс істейтін «Өскемен Титан магний комбинатының»ұжымымен кездесті. Сонымен қатар сүт өнімінің 80 түрін шығаратын «Восток Молоко» мекемесінің жұмысымен танысып, алдағы тарихи шешімдер жайлы әңгімелесті.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов