Табиғат сақшыларының оқу-жаттығуы өтті

Көктем шыға таулы аймақта найзағай түсуі жиілеп, өрт қауіпі артады. 

Тосын жағдайға сақадай сай тұру үшін «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкерлері де оқу жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Табиғат сақшылары үшін бұл науқан маңызды. Себебі алманың түб атасы саналатын «Сиверс» алма ағашы дәл осы Жетісу Алатауында өседі.

Сарқан филиалының қызметкерлері 134 мың гектар орман қорына жауапты. Сондықтан да саладағылар таулы аймақта атқаратын іс-әрекетін пысықтады. Мұндай оқу-жаттығудың тиімділігін Алмат Есімбеков өткен жылы шөп өртенгенде анық байқаған. 

Алмас Есімбеков, «Жоңғар Алатауы» МҰТП қызметкері:

- Өрт шығу себебі найзағай түскеннен болды. Құрал-жабдық, шартылдақ, су тасығыш ыдыстар, күрек, балта бар, сомен бір сағаттың ішінде сағаттың өшіріп реттедік. Оқу-жаттығудың көп көмегі тиеді. 

Оқу-жаттығуға елу шақты адам жұмылдырылды. Олар өрт сөндіру техникалары мен құралдарын тексеріп, жеке бас қауіпсіздігін сақтау тәсілдерін қайталады. 

Талғат Құсайынов, «Жоңғар Алатауы» МҰТП Сарқан филиалының директоры:

- Біздің қызметкерлер парк аумағына жақын елді мекен тұрғындарына өрт қауіпсіздігін түсіндіріп, алдын-алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар табиғатты қорғауға бей жай қарамайтын жандардан еріктілерді жасақтадық. Төтенше жағдай бола қалса оларды жұмылдыратын боламыз. 

Елімізде өсетін Сиверс алмасының 48 пайызы осы парк аумағында шоғырланған. Аталған жеміс ағашы мен жануарлар әлемін қорғау үшін паркке екі жылда 20 шақты техника беріліп, өрт сөндіру бөлімшелері ашылды. 

Санат Төлепбеков, «Жоңғар алатауы» МҰТП бөлім басшысы:

- 356 мың 222 гектар амақ бар. Олар Алакөл Лепсі, Сарқан филиалдарына бөлінген. Оларда үш орман өрт сөндіру станциялары құрылып, оларда үш өрт сөндіру техникалары бар және кіші өрт сөндіру құралдарымыз бар. Қосымша тракторлар тіркемелерімен су бүріккіштері бар. Онымен қосымша 9 техниканы басқа облыстағы нацпарктерден алуды жоспарлап отырмыз.

Қар көбесі сөгілген соң саладағылар орманды алқапты айналдыра жер жыртып, арнайы жолақ жасайды. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде кейінгі он жылда ұлттық парк аумағында орман өрті болмаған. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев