Шымкентте Қошқар ата өзенінің арнасы кеңейтіліп жатыр
Өйткені халық жағалауға жақын әрі тығыз қоныстанғандықтан, кей жерлерде өзен арнасы тарылып, су ағыны бұзылған.
Қазір өңірде тасқынның алдын алу мақсатында арнайы штаб құрылып, құтқарушылардың жұмысы күшейтілді. Өзендердің түбі тазартылып жатыр.
Қошқар ата өзенінің кей жерлері тарылып қалғандықтан, арнасына сыймаған судың таситыны бар. «Жауаптылар, бұған өзен айналасында тұратын халықтың жауапсыздығы да себеп», - дейді. Мысалы, Өтегенов пен Арғынбеков атындағы көшелердің бойында су жолы күл-қоқысқа толған. Яғни тұрғындар өзенге тұрмыстық қалдық тастайды. Көктемде су ағынына кедергі болмас үшін, арнайы техникалар өзен түбін тазартып жатыр.
Мұрат Әбдірахманов, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Сол жерлерді тұрғындар алып алған және өзіне көптеу жер қалдыру мақсатында Қошқар атаның арнасын кішірейткен. Қазіргі таңда келісімге келдік. Ең азы 4 метр, одан басқа аумақтарда бізге қанша ыңғайлы жер жеткілікті болады соған қарай кеңейте беретін боламыз.
«Қошқар ата өзенінен бөлек, Бадамды да бақылауда ұстау керек», - дейді мамандар. Жалпы Бадам өзенінің жағалауы жаңадан бетондалып, қауіпсіздік шарасы күшейтілген еді. Алайда тексеріс қорытындысы бетон жабынның тасқынға қарсы тұра алмайтынын анықтады. Заңсыз шағал тас өндірушілер өзен түбін қазып, салдарынан бетонның беріктігі әлсіреген. Бұл дерек бойынша, қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Ақпанда жауған жауын-шашын салдарынан ағысы қатты өзеннің су деңгейі көтерілді. Табаны заңсыз тереңдетілген соң бөгеттің 40 метрдей жері бүлінген. Қазір мердігер мекеме есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Қазір облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанынан арнайы штаб құрылып, тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді. Құтқарушылар арық-атыздар мен каналдардың су өткізу қабілетіне мониторинг жүргізуде. Жалпы мамандардың айтуынша, биыл таулы аумақтарда қардың мөлшері нормадан аспаған. Өзендердегі су деңгейі де қалыпты. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. 11 учаске су басу қаупі жоғары аумақта тұр.
Ирисмат Махмудов, қалалық ТЖД басқарма басшысы:
- Бізге тікелей әсер ететін Түркістан облысының Төле би аумағындағы таулы аумақтарда қар қоры мен ылғал қоры нормадан төмен. Жалпы өзендерде су деңгейі төмендейді деп күтілуде. Қаладағы ең үлкен Бадам су қоймасы 57% толып тұр. Өткен жылмен салыстыратын болсақ 95% болатын. Біздің құтқарушылар дер кезінде шығып, тиісті авариялық құтқару және су шығару жұмыстарын атқаруға дайын.
Былтыр Қошқар ата өзенінің 3,5 шақырым жағалауы нығайтылып, табаны толық тазартылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Сонымен қатар Текесу су қоймасы мен оған тиесілі каналды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов