Қазақстан мен Сербия тауар айналымы

Ертең Сербия президентінің Қазақстанға ресми сапары басталады. Александр Вучич Астанаға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келеді. 

Күн тәртібінде қазақ-серб қарым-қатынастарының жай-күйі мен даму әлеуеті тұр. Екі ел арасында сауда-экономикалық байланыс қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі шамамен 108 млн АҚШ долларын құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,6% - ға артық. Қазақстаннан Сербияға экспорт 80%-ға өсіп, шамамен 29 млн долларға жетті. Ал Сербиядан 79 миллион долларға тауар импортталған. 

Қазақстан Сербияға негізінен минералды аралас тыңайтқыштар экспоттайды. Сондай-ақ тоқыма материалдарынан жасалған қаптар мен пакеттер, мақта, машиналар мен жабдықтарға арналған бөлшектер, пропилен полимерлерін, сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерін жеткізу айтарлықтай өсті. 

Сербиядан біздің елге импортта қағаз, картон және целлюлоза өнімдері, алюминий плиталары мен таспалар, дәрі-дәрмектер мен ауылшаруашылық тауарлары басым. Аграрлық өнімдер арасында күнбағыс тұқымын, жүгері мен темекі шикізатын сатып алу көлемі өсті. Сонымен қатар жуғыш заттар мен тазалағыш заттарды жеткізу көбейді, ал «басқа тауарлар» санаты 20% -дан астам өсім көрсетті.