Бірлікті бекемдейтін мереке

1 наурыз – Қазақстан күнтізбесіндегі ең игі мерекелердің бірі.

Бұл - тағдырдың жазуымен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қиын-қыстау заманда құшақ жая қарсы алған жергілікті халыққа ризашылық білдіретін күні. Бүгінде Алғыс айту күнінің мәні тереңдеп, ол жалпыұлттық бірлік пен мейірімнің символына айналды.

1959 бен 1962 жылдар аралығы Наргизам Махмудованың  ата-бабасы үшін үлкен сынақ кезеңі болды. Тағдыр айдап, жат жерге қоныс аударған отбасында небәрі үш-төрт жастағы кішкентай бүлдіршін Дильмурат та бар еді. Ол Наргизамның әкесі болатын. Бүгінде содан тараған ұрпақ сол бір қиын-қыстау кезеңде құшағын жая қарсы алған қазақ халқына дән риза.

2016 жылы күнтізбеде жаңа мереке пайда болды. Бұл қиын-қыстау заманда қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айту күні. Бастан талай тар жол тайғақ кешуді өткерген сан түрлі ұлт өкілдерін бейтаныс өлке жатсынбады. Өзі де таршылық көріп, заманның тауқіметін тартса қазақ халқы барымен бөлісіп, бауырына басты, - дейді тарихшы Қалжан Рахымжанов.

Қалжан Рахымжанов, тарихшы:

- Алғыс айту мерекесі – Қазақстанда өмір сүретін халықтардың қазақ халқына деген ризашылығынан туындаған дүние деп ойлаймын. Қазақ халқы тек бір ғана ұлтқа емес, 100-ден астам ұлттың басын құраған мемлекетпіз, бізде азаматтық, ұлттық мерекелер жоғарғы деңгнейде қалыптасқан. Алғыс айту күні бұл қазіргі әлемде болып жатқан кейбір саяси жағдайға байланысты, соның тұтастығын, былай айтқан кезде қазақтың  жері бейбітшіліктің мекені ретінде негізгі феноменіне айналды деп айтсақ болады.

Алғыс айту күні бүгінгі қоғамның игілігі жолындағы қажырлы еңбекті де ұлықтайтын айтулы күн. Осы орайда, ел ертеңі мен халықтың әлеуметтік жағдайына бей-жай қарамай, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және мұқтаж отбасыларға қол ұшын созып жүрген еріктілердің еңбегі орасан.

2023 жылдан бастап сауапты істің басы-қасында Айбек Досымбетов те жүр. Ол елдің түкпір-түкпірін аралап, өңірлік деңгейдегі жұмыстарды үйлестіру арқылы  саланың дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Айбек Досымбетов, Ұлттық волонтерлар фронт-офисінің жетекшісі:

- Бізде алғыс айтуға келген кезде бұл сөзді жиі естиміз. Бұл сөздің волонтерларға үлкен шабыт, күш беретін бағытын айта кетсек болады. Өйткені өзінің уақытын қиып, жұмыстарын ысырып қойып, өзге жандарға көмек беріп, қиналған жанға көмектесу, қол ұшын созу волонтерлардың ең бірінші ұстанымы. Қазір салалық волонтерлықты дамытуды көздеп жатырмыз. Елімізде жүйелі түрде дамып келе жатқан 14 бағыт бар. 300 мың волонтер бар. Түрлі жобаларда волонтерлікпен айналысып жүргендердің нақты саны халықтың басым көпшілігін құрайды. Алғыс айту бұл қоғамда дух беретін, адамды шабыттандыратын ыстық ықылас.

Уақыт өте келе бұл мерекенің мазмұны байып, рухани тағылымы тереңдей түсуде. Бүгінде Алғыс айту күні тек тарихи оқиғаларды еске алу шеңберінен шығып, жалпыұлттық ізгілік мерекесі ретінде бекіді. Бұл күні әрқайсымыз өмірлік бағдар берген ата-анаға, ұлағатты ұстазға және жақындарымызға шын жүректен алғыс айтамыз.

Алғыс айту күні өткен тарихты ұмытпай, бүгінгі бірлікті бекемдейтін мереке. Қиын кезеңдерде бір-біріне сүйеу болған халықтың кеңдігі бүгінде елдің басты құндылығына айналды.

Дякую, данке, рахмат, спасибо, камсамида, рақмет. Иә, алғыс айту әр тілде әртүрлі болғанымен мағынасы бір. Қазақ жері -тағдыр тоғыстырған жүздеген этностың алтын бесігі. Бүгін сол достық пен мейірімнің мерекесі. Ұлтымыз бен тіліміз әртүрлі болса да, Отанымыз -ортақ, тілегіміз - бір. Бірлігіміз бекем, достығымыз мәңгі болсын! Алғыс айту күні құтты болсын!

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Арман Ақшабаев, Өрден Жарқын