Коалиция Маңғыстау жұртшылығымен кездесті

Енді Қазақстан тек минералдық ресурстарға емес, интеллектуалдық ресурсқа да бет бұрып, білім экономикасын құруға иек артады. 

Ал жаңа Ата заң жобасында ғылым, білім және инновацияларды дамыту нормалары мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде бекітілген. Ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Маңғыстау жұртшылығымен кездескен жалпыұлттық коалициясы мүшелері осылай деп, жергілікті тұрғындармен Конституцияның жаңа нормалары туралы сөйлесті. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, цифрландыру және мемлекеттің әлеуметтік міндеттері айтылды. Өндірістік кәсіпорын ұжымдары лайықты еңбек құқығы, уақытылы және әділ жалақы жайын көтерді. Жұмысшылар қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету нормаларын да талқылады. Ал Жаңаөзен мұнайшылары әлеуметтік және еңбек кепілдіктері, мұнай-газ саласын дамытуға мән берді. Жастардың ғылыми әлеуеті, отбасына қолдау көрсету және инновациялық технологияларды енгізу де қаралды. Мұның барлығы Жаңа Ата заң жобасында көрініс тапқан.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Осы қадамдардың өзегінде – әділеттілік, теңдік пен бірлік идеясы тұр. Заң мен тәртіп соның берік іргесі болып қалануда. Бұл қоғамның санасына серпіліс берген басты құндылықтарымызға, негізгі қағидаттарымызға айналды. Жаңа Ата заң – осы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы, түпкі түйіні. Ең негізгісі, мұның бәрі – халықтың сұранысынан туындап отыр. Сондықтан елдің болашағына бағытталған баптар, Преамбулада көрініс тапқан құндылықтар, халықтың қалауынан туған қағидаттар – бәрі Президенттің жүрегінен шыққан деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының жылдар бойғы ой-толғамдары халықтың үнімен үндесіп тұр.