Ел үкіметі мен АДБ құны $5,5 млрд тең 15 жаңа жобаны жүзеге асырады

Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі құны 5,5 млрд доллар болатын 15 жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті.

Премьер-министр Олжас Бектенов пен банк басшысы Масато Канда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық бағыттар шеңберінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында жасанды интеллект, дата-орталықтар салу, талшықты-оптикалық магистральдар жүргізу, көлік дәліздері мен кедендік рәсімдерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту әлеуеті аталып өтті. Қарағандыда кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін 300 төсек орынға арналған университеттік аурухана салу барысы қаралды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен Азия даму банкі арасында Сарыағаш қаласын айналып өтетін, ұзындығы 102 шақырым болатын айналма жол салу жобасы бойынша келісімшартқа қол қойылды.