Педагогке құрметсіздік танытқан оқушыларға айыппұл салынады
Елде оқушы педагогқа құрметсіздік танытса, оның ата-анасына 86 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Мұндай құқық бұзушылықтарға бейәдеп сөздер айту, орынсыз ым-ишара жасау, сондай-ақ мұғалімнің кәсіби міндетін орындауына кедергі келтіру және жұмыс істеуіне қолайсыз жағдай туғызатын әрекеттер жатады. Егер осындай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, ата-аналарға 130 мың теңге мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.
Набира Марбанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің бас сарапшысы:
- Мемлекет басшысы педагогтардың тамыз конференциясында олардың құқығын қорғау әрдайым ерекше назарда болуы қажет екенін және де олардың құқығын күшейту бойынша жұмыстарды тапсырды. Яғни атап айтқанда, педагогтардың оларға тікелей кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарды жүктеу, олардың мәртебесі мен ар-намысын қорлау бойынша заңнамада түзету жұмыстарын тапсырды. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
Оқу-ағарту министрлігі "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес Қазақстандағы мұғалімдерге кәсіби қызметін орындау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін ерекше мәртебе берілгенін еске салды. Құжатта олардың құқықтары, сондай-ақ еңбекақы төлеу, сыйақылар және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты нормалар айқындалған.