Өңірлердегі жолдардың жағдайы жақсарады

Өңірлердегі жолдар мен көшелердің жағдайы жақсармай тұр.

Былтыр 60 мыңнан аса адам шағым жолдаған. Үкімет басшысына бағытталған талап-өтініштердің дені аймақтардан жолданған. Биыл 7,5 мыңға жуық өтініш түсіп үлгеріпті. Аймақтардағы жолдың ахуалы, бүгінгі үкіметтегі жиында жан-жақты сараланды. Сапасы сын көтермей, шаруа шатқаяқтап тұрған облыстарға Олжас Бектенов жеке-жеке тоқталды.

Күре жол күре тамыр іспетті. Бірақ құрақ көрпедей көрініске көптің көңілі толмайды. Ауыл-аймақтардағы трассалардың сапасын жақсартуды президент 2022 жылы тапсырғаны белгілі. 

Міндетті межені сала министрі алдағы 3 жылда енсереміз деп сендіріп отыр. Нұрлан Сауранбаевтың сөзінше, 2029 жылға дейін облыстардағы 32 мың шақырым жол тақтайдай тегіс қалыпқа еніп, нормативтік деңгейі 95 пайызға жетеді. Жол саласындағы жоспарды жіпке тізген ведомства басшысы биыл негізгі транзиттік бағыттармен қатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

- Республикалық маңызы бар жолдарда нормативтік жағдай шамамен бір деңгейде сақталған. Ал жергілікті жолдар бойынша батыс өңірінде жолдардың нормативтік деңгейі төмендеу. Келе жатқан үш жылдың ішінде жергілікті органдармен бірге өңірлік жолдардың жұмыстарын 5 есе көтереміз. Жұмыстың нәтижесінде 25 мың км өңір жолдарын нормативтік деңгейін 95 пайызға дейін көтереміз. 

Жол бойындағы сервис сапасы да сын көтермейді. Әрі-бері қатынаған халықтың қарны ашып, айта-айта қадірі қашатыны да осы түйткіл. Түйіні енді тарқамақ. Әр облыста трассалардың бойындағы қызмет көрсету нысандары біріңғай стандартқа сай салынады. Сервисті дамыту картасы әзірленеді. Үкімет басшысы бұл шаруаны мамырдың бірінде дейін атқаруға пәрмен берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Жол бойындағы сервисті дамытуға ерекше назар аудару қажет. Бұл орайда ұлттық стандарттарға сай келетін нысандардың қатары көбейіп келеді. Бірақ олар негізінен ірі елді мекендердің маңында орналасқан. Сондықтан трассалардың бойында сервистік орталықтарды біркелкі ашып, жүргізушілерге жанармай бекеттері мен қонақ үйлерге дейінгі қашықтық туралы мәлімет беретін жол белгілерін орнату керек.

Бюджеттен артық ақша алу үшін жол сапасын нашар көрсететін өңірлер бар. Мінберде мәселені министр ашып, ашық айтты. Батыс Қазақстан облысын мысалға келтірді. 

Айтуынша, қазынадан қосымша қаржы сұрап, жол жөндеуге құлық танытқан. Алайда, көрсеткіш күткендей болмай тұр. Трассалардың нормативтік деңгейі әлдеқайда төмен екені байқалған. Ендігі жерде жолға деген ақшаның мақсатты жұмсалуы қатаң бақыланады. 

Көлік министрлігі атқаруы керек алғашқы шаруа - бірыңғай цифрлық платформа әзірлеу. Үкімет басшысы бұл жұмысты жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп атқаруға тапсырма берді.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Жолдардың мүшкіл жағдайына қатысты азаматтар шағымы азаймаған. Тұрғындар жанайқайларын үкімет басшысына да тікелей жеткізіпті. Жиында Олжас Бектенов өткен жылы 60 мыңнан аса арыз-шағым түскенін хабарлады. Биылдың өзінде 7000-нан аса өтініш келіп үлгеріпті. Бұл қатарда туристер жаз айында қатынайтын айдынды Алакөлге апаратын бағыттың сын көтермейтіні де айтылған. Ақтау, Атырау, Оралдың тұрғындары да жол сапасына көңілдері толмайтын көрінеді. Үкімет басшысы азаматтар тарапынан келіп түскен талап-тілектерді жергілікті жердегі жауаптыларға уақытылы шешуді тапсырды.

Кәмшат Мұхамеджан