СҚО-да «Ботай. Ғайып ғалам» фильмі түсіріледі

Солтүстік Қазақстан облысында «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсірілімі басталды.

Тарихи туынды 6 мың жыл бұрын Айыртауда алғаш рет жылқыны қолға үйреткен ежелгі адамдардың өмір салтынан сыр шертеді. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жарыққа шығады.Қазақ киносы тағы бір тың туындымен толықпақ. Бұл жолы ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы «Ботай. Ғайып ғалам» фильмін түсіреді.  Оған осыдан 6 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысында өмір сүрген тайпалардың өмірі арқау болды. Айыртау ауданындағы қоныс жылқыны алғаш рет қолға үйреткен жер.

Еркебұлан Әлімжанов, сценарий авторы:

- Ботайлықтар адамзат тарихында тұңғыш рет жылқыны құрықтады. Ал жылқыны құрықтау дегеніміз – ол адамзат тарихындағы керемет төңкеріс жасаған нәрсе. Ол жаңағы ғарышқа ұшқан зымыран сияқты нәрсе немесе атом қуатын игеру сияқты нәрсе немесе көлік ойлап табу, ішінен жанатын қозғалтқыш ойлап тапқанмен тең нәрсе.

Тарихи фильм Ботай қонысының өзінде және Солтүстік Қазақстан облысының көрікті аймақтарында түсіріледі. Шығармашлық топ 100 адамнан тұрады. Оның ішінде жергілікті актёрлер де бар. «Бұл – Ботай мәдениетін жер жаһанға жарнамалауға жол ашады», - дейді мамандар.

Құрманбек Жұмағали , «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕ АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл өңірде атбегіліктің ең бірінші басталғаны, ол – хақ, ақиқат. Құжаттары да бар. Дәлелдері де бар. Енді осы дүниені біз кино арқылы, ақпарат арқылы елге жеткізуіміз керек. Мақтануымыз керек. Бұл тек қана 1-2 атпен шуып жүру деген дүние емес, бұл жерде тарихи дүниесіне үңіледі.  Сонымен қатар фантастикалық дүниелерді қосады.

Бұл жобаға Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау білдірді. Тарихи фильмнің премьерасы желтоқсан айына жоспарланып отыр. Жалпы, биыл ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы түрлі жанрдағы 24 жобаның түсірілімін бастап кетті.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков