Студенттерге жаңа Конституция таныстырылды 

Оңтүстіккореялық студенттерге Қазақстанның жаңа Конституциясы таныстырылды. Онда Алматы менеджмент университеті Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Жақсыбек Құлекеев дәріс оқыды. 

Әрі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндады. Дәріс соңында профессор шәкірттердің сұрақтарына жауап берді. Студенттерді әсіресе Конституция жобасы қызықтырды. Қос палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшу және адвокаттардың мәртебесін арттыру жайына ерекше тоқталды. Жаңа Конституция жобасы 84%-ға жаңартылған. Сапар аясында Хангук университеті мен Алматы менеджмент университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы кітаптар сыйға тартылды. 

Жақсыбек Құлекеев, Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі:

- Біздің ішкі заңымызға байланысты Конституцияға немесе кез келген заңға енген өзгеріс 50 пайыздан астам болатын болса, онда жаңа редакция дайындалуы керек. Сондықтан бүгінгі халыққа ұсынылып отырған Конституциямыз – ол жаңа редакциядағы Конституция болып есептеледі. Сондықтан осы жағдайды пайдалана отырып, Қазақстандағы, шетелдегі жүрген біздің азаматтардың референдумға қатысқанын қалаймын, солардың өздерінің таңдауларын жасап, осы референдумға қолдау жасауларын да сұраймын.

Ли Со Ён, Хангук шет тілдер университетінің студенті:

- Бүгінгі дәрісте Қазақстан мен Корея қарым-қатынасының даму перспективалары туралы білдім. Бұл менің қазақ тілін үйренуге деген ынтамды одан әрі арттырды. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер мен Қазақстанның медицина мен білім беру саласында жасанды интеллектіні кеңінен қолдану жоспарлары есімде қалды.