Жаңа Конституция жобасы: бизнес пен диалог
Жаңа Ата заң жобасына қатысты талқылаулар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өтті.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, алдағы маңызды міндет-межелермен бөлісті.
Бизнес өкілдерінің бүгінгі басқосуы басқаша. Мамандарды толғандырған алғашқы өзгеріс экономика мен кәсіпкерлікке тікелей қатысты. Маңызды құжаттағы жаңа нормаларға назар аударылды. Талқылауға республиканың барлық өңірлер атсалысты. Ойларын ортаға салып, толғандырған сауалдарына жауап алды.
Олжас Сыдықбек, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Кездесуге барған кезде әр орта Конституцияны қолдап, өздерінің сұрақтарына жауаптарын алып, қолдап жатқандарын көріп жатырмыз. Өйткені білесіздер, бұл 10 шақты адам жазған құжат емес.
Жаңа Конституцияның нұсқасын таныстыру барысында заңгерлер, қоғам белсенділері мен мемлекет қайраткерлері сөз алды. Олар жобаның мақсаты – заң үстемдігін, әділетті қоғамды құрудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік басқарудың тұрақтылығы мен болжамдылығын күшейту екенін атап өтті.
Гүлнәр Бижанова, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары:
- Жаңа Конституция жобасы мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді күшейтіп, ұзақ мерзімді әріптестікке негіз болатын орта қалыптастыруға бағытталған. Жаңа құжат бизнесмендерге үлкен жауапкершілік жүктеп, адал еңбек, кәсіпке деген құрмет, елге жанашыр болу сияқты құндылықтардың маңызын арттыра түседі. Президент жүктеген маңызды міндеттерді біз азаматтарға кеңінен түсіндіріп келеміз.
Жалпыұлттық референдум қарсаңында Коалиция өңірлерде 12 мың іс-шара өткізіпті. Миллиондаған қазақстандықтар жаңа Ата заң қабылдаудың маңыздылығын түсініп, қолдайтындарын жеткізген.