Қостанай облысында 5 млн гектардан астам жерге жазғы дақыл егіледі

Биыл Қостанай облысында 5 миллион гектардан астам алқапқа жазғы дақылдар егу жоспарланып отыр.

Оның басым бөлігі астық және бұршақ тұқымдастар. Өңірде егістікті әртараптандыру ісі жақсы қарқын алып келеді. Шаруалар әсіресе бидайға қарағанда бағасы қымбат майлы дақылдар көлемін артыруға мүдделі. Аталған өсімдік түрі егілетін аумақ былтырға қарағанда 13 мың гектарға көп. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа жеңілдетілген бағамен 73 мың тонна дизел отыны бөлінді. Минералды тыңайтқыштар алуға субсидия қаралған. Оның сыртында мемлекет ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға лизинг түрінде жеңілдетілген несие ұсынып отыр. 

Ибрагим Бекмұхамедов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Негізгі міндеттердің бірі машина-трактор паркін жаңарту. Былтыр өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 57 миллиард теңгеге 1 мың 300 техника мен аграгаттар сатып алды. Комбайн, тракторлардың шамамен 7 проценті жаңартылды. Биылда жеңілдетілген бағдарламаны пайдалану мүмкіндігі бар. Біздің облысқа бұл мақсатқа 45 миллиардтан астам теңге қаралған.