Қазақстан тау-кен саласы Канадада таныстырылды

Қазақстан әлемдегі ең ірі тау-кен салалық форумдардың бірі – PDAC 2026 конференциясына қатысты. 

Канаданың Торонто қаласында өткен халықаралық жиынға еліміздің делегациясын, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан бастап барды. Форум аясында Қазақстанның Кен өндірушілер палатасы және Aurora Minerals Group Limited компаниясымен бірлесіп, «Қазақстан күні» халықаралық алаңы ұйымдастырылды. Әлемнің жетекші компаниялары қатысқан шарада еліміздің геологиялық барлау әлеуеті таныстырылды. Сондай-ақ кездесулер барысында стратегиялық маңызды минералдар, заманауи барлау технологиялары және қазақстандық шикізатты терең өңдеу жобалары да талқыланды.

Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы:

- 2022 жылы Қазақстан өзін халықаралық деңгейде айқын таныта бастады. Сол жылдың маусым айындағы форумда бізге Канаданың ірі делегациясы келді. Содан бері елімізде ірі компаниялардың филиалдары ашылып, бірлескен кәсіпорындар құрыла бастады. Кейбір канадалық компаниялар Қазақстаннан серіктес те тапты. Яғни канадалық бизнестің қатысуы күшейіп келеді. Әсіресе шағын барлау компаниялары бағытының жандануы қуантады. Себебі дәл олар жаңа кен орындарын ашып, технологиялық серпін бере алады.

Саймон Купер, Pallas Resources компаниясының бас директоры және тең құрылтайшысы:

- Біз барлау саласындағы жас компания ретінде Канаданың ірі тау-кен корпорацияларымен серіктестік орнаттық. Олар Қазақстанның минералдық әлеуетін жоғары бағалап, барлау жобаларына инвестиция салды. 2018 жылы жаңарған Жер қойнауы кодексі саланы ашық әрі тартымды етті. Соның нәтижесінде Қазақстанға көптеген канадалық компания келіп, бірлескен жобаларға қызығушылық танытып отыр.