Павлодарда ескі үйлер бұзылады

Орнына сәнді, сәулетті заманауи үлгідегі ғимарттар салынады.

Қазір облыс орталығында 46 ескі үй бар. Іргетасы жетпіс, сексен  жыл бұрын қаланған екі қабатты үйлерде әлі күнге дейін жұрт тұрып жатыр. Өңірдегі үй құрылысының қарқыны жайында тілшіміз  Қарлығаш Қасиетовадан білсек.

Бұл үйлер сонау 1937–1949 жылдар аралығында уақытша баспана ретінде салынған. Ғасырға жуық тарихы бар ескі ғимараттар әбден тозып, тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр. Мұнда коммуналдық инфрақұрылым да мүлде қарастырылмаған. Ольга Бубликованың  үйі толық сүріліп, орнына жаңа көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Енді ол көршілерімен бірге жаңа, жайлы баспанаға қоныстанатын күнді тағатсыздана күтіп жүр.

Ольга Бубликова, қала тұрғыны:

- Біз генерал  Дүйсенов көшесіндегі екі қабатты үйде тұрдық. Ол өте ескі,  апатты үй  еді. Мердігерлердің  ұсынысын қабылдаған он отбасы жаңа баспана алуға дайындалып жатырмыз. Мен өзім екі қабатты үйде жиырма жылға жуық тұрдым. Жаңа үйде ел қатарлы өмір сүргім келеді

Затон шағын ауданында барлығы 20 апатты тұрғын үй сүріледі. Олардың орнына көпқабатты жеті үй бой көтереді. Қазіргі таңда алғашқы үйдің құрылысы аяқталып қалған.

Асхат Жүсіпов, мердігер компания өкілі:

- Реновация бағдарламасы аясында біз көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтадық. Бұл үйге ескі, тозығы жеткен үйлерден адамдар көшіріледі. Қазірдің өзінде 50 адам пәтер кілтін алды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталу кезеңінде. Жазға қарай тапсырылуы тиіс.

Жергілікті атқарушы билік былтыр қаланы жаңарту жобасы аясында апатты тұрғын үйлерді толықтай жою туралы шешім қабылдады. Жоспарға сәйкес, қала бойынша 46 ескі үй кезең-кезеңімен сүріледі. Олардың орнына заманауи әрі қауіпсіз жаңа тұрғын үйлер салынады. Қаланың келбеті де жаңара түседі.

Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы: 

- Павлодарда алты жаңа кө пқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалада құрылыс жұмыстары бюджет қаражаты және жеке инвестициялар есебінен жалғасуда. Қазіргі уақытта жеті жоба жеке құрылыс салушылар тарапынан жүзеге асырылып жатыр.Инвесторлармен жасалған меморандумдар аясында тозығы жеткен үйлер бұзылып, олардың орнына жаңа кварталдар салынуда. Тұрғындарға жалдамалы баспана үшін өтемақы төленіп жатыр. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Биыл Павлодар облысында тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру жоспарлануда. Облыс орталығында бюджет қаражаты есебінен төрт тұрғын үй салу көзделіп отыр. Сонымен қатар жеке инвесторлар тарапынан да бірқатар тұрғын үй жобалары жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 2026 жылы он екі қабатты екі тұрғын үй пайдалануға беріліп, пәтер кезегінде тұрған азаматтарға табысталатын болады. 

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков