Ипотекаға қолжетімділік артты

Елде "Наурыз" бағдарламасы арқылы жылдық 9 пайызбен 10 мыңға жуық ипотекалық несие берілді.

Мұны Отбасы банкі басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова хабарлады. Оның айтуынша, тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін теңестіру үшін мемлекет жыл сайын салымшыларды қолдауға қомақты қаражат бөледі. Президенттің азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында тұрғын үй-құрылыс жинақтау жүйесі халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралына айналды. Айта кеткен жөн, былтыр елде құрылыс қарқыны рекордтық деңгейге жетіп, 20,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

- Елімізде тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі 23 жылдан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт бойы ол ЖІӨ өсіміне елеулі үлес қосуда. Біз қазақстандықтардың баспанаға жұмсайтын шығындарын азайтуға көмектесіп келеміз: біздің бағдарламалар бойынша төлем нарықтық ипотекадан 30-40%-ға төмен. Жүйе мемлекеттің қолдауымен жылдық 2%-бен жинақтауға мүмкіндік береді. Биыл 2,5 млн-нан астам отандастарымыздың шоттарына 125 млрд теңге сыйлықақы аударылды.