Елде 134 вокзал жаңартылады
Көкшетауда 40 жылдан аса тарихы бар вокзал жаңартылып жатыр.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Марат Есқалиевтің айтуынша, бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстарының 93 пайызы аяқталған. Қазір негізінен ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік жүйелер орнатылуда. Ал, өңірде 16 вокзал жаңғыртылады. Оның ішінде 7 нысанда реконструкция жұмыстары жүріп жатыр және олардың дайындық деңгейі шамамен 90 пайызға жеткен. Ал тағы тоғыз вокзал толықтай бұзылып, олардың орнына жаңа ғимараттар салу жоспарланған. Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы ел көлемінде жүзеге асырылуда. Биыл Ақмола облысынан бөлек Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарында жұмыстар белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар Астана-1 және Алматы-1 сынды ірі теміржол тораптары да реконструкциядан өтіп жатыр. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін ел бойынша 124 теміржол вокзалы жаңғыртылатын болады.