Жаңа Конституция – әділ қоғам кепілі

Жаңа Ата Заң жобасы –  азаматтардың бостандығын қорғаудың ең басты құқықтық негізі. Құжаттың жаңартылған редакциясы барлық заң мен сот шешімдерінің тұғыры іспетті. 

Жаңа Конституция жобасында азаматтар құқығын әділ қорғау бағытында қандай жаңашылдықтар қарастырылған? Халықтың амандығы – басты орында. Өйткені адами капиталсыз, олардың құқықтық қауіпсіздігінсіз ешқай мемлекеттің баянды ғұмыры ұзаққа бармайтыны баршамызға белгілі. Мұны әлемдік тарих пен геосаяси ахуал көрсетіп отыр.

Билік пен бұқара арасындағы қарым-қатынас тығыз болу үшін Қазақстан қашан да құқықтық әділдікті ту ету бағытын таңдайды. Бұған әділ сот, заң мен тәртіп, адвокаттық қорғау тәсілдері кіреді. Бұл бағдарлар Жаңа Конституция жобасында да көрсетілген.

Нұрлан Жаңабаев, адвокат:

- Әділ сот қағидалары, оның ішінде сот пен судьялардың тәуелсіздігі, заң үстемдігі және заң алдында барлығының теңдігі, тағы кінәсіздік презумпциясы. Оның ішінде әр адам өзіне қарсы куәлік бермеуге құқылы деп көрсетілген. Тағы бір жаңашылдық бұл – Миранда қағидаты. Өйткені ұсталған адамдар психоэмоционалдық жағдай кесірінен не істеу керектігін білмей қалады.

Иә, полиция қызметкерлері немесе басқа да құқық қорғау органдары күдіктіні құрықтау сәтінен бастап оны тұтқындау себептерін түсіндіруге және құқықтарын өзіне дауыстап айтуға міндеттеледі. Осы себепті құжат жобасына енгізілген тағы бір жаңашылдық бұл – адвокатураның мәртебесі.

Нұрлан Жаңабаев, адвокат:

- Қоғамда адвокаттардың ролін күшейту және нығайту белгіленген. 86-бапта былай көрсетіліп отыр: кәсіби біліктілік және де сот арқылы құқықтарын қорғауға адвокаттар жүзеге асыруға ықпал етеді деп. Қарасаңыздар, бізде бәрі көбінесе сот отырысы прокурорлар Конституциялық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Енді сот әділдігін халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға адвокаттарсыз ешқандай сот отырысы болмайды деп көзделіп отыр.

Неке мен отбасы құндылықтарына, оның ішінде ер мен әйелдің және баланың құқықтарына баса мән берілген. Жаңа Конституция жобасы тек қазіргі саясаттың ғана емес, бұл – болашақ ұрпақтың қандай мемлекетте және қандай жағдайда өмір сүретініне жауап беретін басты құжат. Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова осылай дейді.

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Миранда ережесі де Конституцияға еніп отыр. Мен үшін ең маңыздысы бұл отбасы, неке Конституция деңгейінде тұжырымдалып тұр. Оның ішінде баланың құқығы күшейтілген. Әйел мен ер азаматтың құқықтары бір, жауапкершілігі мен міндеттері нақты айқындалған. Сонымен қатар өзіміздің дәстүріміз, дәстүрлі неке осының барлығы Конституцияда шегеленіп жазылған.

Құжат жобасында өмір сүру құқығын жоғары дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық, цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, қадір-қасиет пен ар-намысты қорламау қағидаттары бекітілген.

Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы:
- Еңбек құқығы түгел айтылып өтеді. Оның тұратын үйінен шығарған кезде соттың шешімі болса да, үйдің шығару мәселесін ерекше бөлініп отыр. Яғни барлығы
сот арқылы болу керек. Жай адам қиын жағдайда қалған кезде мемлекеттің бар екенін, заңның бар екенін сезініп отырады. Заң мен тәртіп алға қойылып отыр. Бұл Конституция болашаққа арналған. Жалпы біздің маңымыздағы жалғыз бұрынғы ТМД елдері емес,  бүкіл әлемге үлгі болатын нәрсе.

Сонымен қатар шығармашылық еркіндік құқығына жаңа мән-мағына беріледі. Демократиялық мемлекетте жеке тұлғаның еркін дамуының маңызды шарты саналатын зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктері де сақталмақ.