ШҚО өзендерінде мұзды жару жүріп жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы өзендерде мұз жару жұмыстары жүріп жатыр.

Сең жүрсе, кептеліс болып, өзендер арнасынан асуы мүмкін. Әсіресе таулы аймақтағы су айдындарында бақылау күшейді. Бір ғана Шемонаиха ауданында 10 мың шаршы метр мұз ойылды. Күршім мен Үлкен Нарын аудандарында да тасқынның алдын алу жұмыстары жүріп жатыр.

Облыста 70 ауылға су тасқынынан қауіп бар. Қазір жер-жерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әсіресе үстінен 15 өзен ағып өтетін Шемонаиха ауданында алдын- алу жұмыстары қызу. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Уба өзені арнасынан аса ма деп қауіптенеді. Қазір өзенде мұз жару жұмыстары жүргізіліп, арнасы тазартылып жатыр. Өңірде тасқынға тосқын болар 18 мың арнайы техника дайын тұр. Алдымен мұз жару жұмыстары қауіпті учаскелерде жүргізіледі. Одан бөлек қар шығару жұмыстары да қарқын алды.

Сұңғат Аманбеков, аудан әкімінің орынбасары:

- Біз бұл жұмыстарды жыл сайын жүргіземіз. Оның ішінде мұз оюдан бөлек, арықтар мен су өткізу құрылғыларын қардан тазартамыз. Бұл шаралар тасқынның алдын алуға өз септігін тигізеді. 

Тасқын қаупі жоғары аудандарда 8 мыңға жуық адам тұрады. Жауаптылар жергілікті халықтың қауіпсіздігін тікұшақтармен әуеден де бақылап отыр.

Амангелді Еңсегенов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Көктемгі су тасқынына дайындық жалғыз осы мұз жарумен ғана шектелмейді. Біз мына аэровизуалдық тікұшақпен облыс көлемінде осындай қауіпті аймақтарды аралап, әуеден қарап, өз бағамызды беріп жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазір мына мұзды жарғаннан кейін сол өзеннің ағысын әрі қарай мониторинг жасап, біз қадағалауда боламыз. 

Қабылданған барлық шара Үкіметтің бақылауында. Ресми мәліметтерге сәйкес, биыл біраз өңірде топырақтың тоңы қалың. Оған қоса, қар да көп түсті. Бұл жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін, дейді жауаптылар. Сондықтан осы айдан бастап барлық күштік құрылым өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жалпы республика бойынша 1242 елді мекенге тасқыннан қауіп бар. 

Абзал Азаматұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин