СҚО-да Көрісу күні тойланды

Солтүстік Қазақстан облысында Наурызнаманың онкүндігі басталып кетті. Петропавлда Амал мерекесі кең көлемде тойланып, орталық көшеде салтанатты шеру ұйымдастырылды.  

Қыстан аман шыққан ағайын бір-бірімен емен-жарқын жүздесіп, айналаны ән мен жырға бөледі. 

Наурыздың бастауы болған көрісу күнінде қала тұрғындары Қазақстан Конституция көшесінде салтанатты шеру ұйымдастырды. Ұлттық киім киген тұрғындар бір-бірімен құшақтасып, ақжарма тілектерін арнады.

Сәуле Мәлікова, облыстық мемлекеттік архивтің директоры:

- Ауа-райының жылынуына байланысты, жылдың өзгерістеріне, жаңаруына байланысты бір-біріне жақсы тілектер айтып, осылай көрісу күнін өткізген. Бүгінгі күні біз Қызылжарда Көрісу күнін өткізіп жатырмыз. Күннің суықтығына қарамастан, көңіліміз жылы. Көрісу күні құтты болсын!

Көрісу – қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрып салтының бірі. Салтанатты шеру басты көшемен Тәуелсіздік стелласына дейін жүріп өтті. Осылайша, олар көне дәстүрді жаңғыртып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Біржан Есжанов, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:

- Солтүстік өңірінде алғаш рет Көрісу күні тойланып жатыр. Бұл енді сонау қазағымыздың көреніп кеткен, ескіріп кеткен дәстүрі, ғұрпы деп айтсақ болады. Шын мәнісінде көрісу күнінде біздің халқымыз бір-бірімен қыстан аман шыққан ағайынды іздеп барып, хал-жағдайын сұрап, төлдеген малдың, қосылған жанның санын біліп, осы бір қыстан қыстан кейін бір жаспен құттықтап жатады.

Амал мерекесіне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Тәуелсіздік стелласы жанында киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков