БҚО-да дауыс беру барысын екі мың байқаушы бақылады

Батыс Қазақстан облысында бүгінгі референдумның ашық және әділ өтуін 2 мыңнан астам байқаушы бақылаған.

Оның 1385-і орталық референдум комиссиясында аккредитациядан өтсе, 680 байқаушы жергілікті қоғамдық бірлестіктердің өкілдері. Ал үш байқаушы ТМД-ның байқаушылар миссиясынан келді. Олардың қай-қайсысы да бүгінгі дауыс беру процесінің заң талаптарына сай болғанын айтады.

«Дауыс» қоғамдық байқау коалициясының құрамында бүгінгі референдум барысын 950 байқаушы бақылаған. Сағат сайын әр учаскедегі дауыс берушілердің белсенділігі мен референдумның заңға сай өткендігі туралы ақпарат осы штабқа түсіп отырған.

Асхат Өкшебай, "Дауыс" қоғамдық байқушылар коалициясының БҚО филиалының төрағасы:

- Негізгі мақсатымыз ішінде байқау процестерін жүргізу.  Референдум барысының әділ және таза өтуі, заң бұзушылықтарының болмауы.  Биылғы байқау процесі мысалы жылдағыдан ерекше деуге болады. Өйткені халықтың келуі, жаңағы халықтың мысалға белгілі бір ұлттық киімдерін насихаттау, үлкендеріміз, жастарымыздың мысалы жанұямен келіп дауыс берулері өте қызық жағдайлар орын алуда.

Аида Мектепқалиева, "Интеграл" қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Ешқандай акт толтырылған жоқ. Яғни халық жалпы белсенді дауыс беріп, өз таңдауларын жасап жатыр. Және де біздер қазір сағат сайын ақпарат алып отырмыз жаңағы құқық бұзушылық әрекет болған-болмағаны туралы.

Орал өңіріндегі бүгінгі референдум  барысын 2 мыңнан астам байқаушы назарда ұстаған.

Әділ Жоламанов, БҚО аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:

- Олардың сыртында 194 бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Сонымен қатар, тәуелсіз мемлекеттер достастығынан 3 байқаушы. Таңнан бері қазіргі уақытқа шейін ешқандай жаңағыдай заң бұзушылық болған жоқ. Бүкіл референдум заң аясында жүргізіліп өткізіліп жатыр.

Кешкі 8-де дауыс беру учаскелерінде бюллетеньдерді санау басталды. Орал өңіріндегі референдумға қатысу құқы бар 446 мың азаматтың қаншасы дауыс бергені алдағы сағаттарда айқындалмақ.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов