Референдумның алдын ала нәтижелері жарияланды
15-наурыз күні өткен референдумның алдын ала нәтижелері белгілі болды. Республикалық референдум комиссиясының мәліметінше, елдегі дауыс беру құқығы бар 12 миллионнан астам азаматтың 9 миллионы өз таңдауын жасаған.
Олардың 87,15 пайызы бюллетеньді «иә» деп толтырса, 898 мың тұрғын «жоқ» деп жазған. Ал қалыс қалған тұрғындардың көрсеткіші 13 пайызға жуықтайды.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
- Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдердің саны 127 868-ді құрады. Белгіленген үлгідегі сондай-ақ дауыс бергендердің ерік білдіруін айқындау мүмкін емес және жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны 146 558-ді құрады.
Саяси науқанға арнайы келген байқаушылар референдумның заң аясында өткенін және жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Ерекше жандардың өз таңдауын жасауына да бар жағдай жасалған. Әрі ең бастысы дауыс беру күні айтарлықтай заң бұзушылықтар тіркелмеді деп отыр.
Игорь Петришенко, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары:
- Өздеріңіз білетіндей біздің бақылаушылар өз жұмысын 24-ші ақпаннан бастап кетті. Бақылау Қазақстанның 9 өңірінде және шетелдегі 12 мемлекетте жүргізілді. Барлығы 161 халықаралық байқаушы акредиттелген. Жалпы айтқанда референдум жоғары деңгейде өтті. Оны халықтың көңіл күйіне қарап-ақ білуге болады.