Ақтөбе қаласында Елек өзенінде мұз жарылды 

Ақтөбе қаласында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Елек өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін облыстағы Қобда, Ойыл және Ырғыз өзендерінде де мұзды ұсату жұмыстары атқарылған. 

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері әсіресе облыс орталығы арқылы өтетін өзендерге ерекше назар аударып отыр. Құтқарушыларды Елек пен Қарғалы өзендерінің тоғысар тұсы алаңдатады. Сондықтан осы аумақта мұз алдын ала жарылып, сең жүрген кезде өзен арнасының бітеліп қалмауына жағдай жасалды.Сонымен қатар қаладағы коммуналдық қызметтер қала аумағынан 640 мың текше метр қар арнайы полигондарға шығарылып, 123 шақырым арықтар мен су арналары тазартылды.

Әлішер Сарыбаев, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:

- Ақтөбе облысы аумағында жер тоңының қату тереңдігі 30 см-ден 150 см-ге дейін жетеді. Облыс аумағының шамамен 72 пайызы қар жамылғысымен жамылған. Болжамдық деректерге сәйкес су арналары бойынша су деңгейінің ең жоғарғы кезеңі 30 наурыз бен 12 сәуір аралығында күтілуде. Облыс аумағында су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасып жатыр және қатаң бақылауға алынған.