Маңғыстау облысында аналар фестивалі өтті
«Адай ата - Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде ақ жаулықты аналар фестивалі өтті. «Ана жүрегі – мейірім мекені» деп аталған танымдық байқауға Маңғыстау облысының барлық аудан-қаласынан 10 ансамбль қатысты.
Өнерпаз аналар, көпшілікке қазақы салт-дәстүрді кеңінен дәріптеп, ұмытыла бастаған әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарды қойылым түрінде көрсетті.
Мәдени-танымдық шара «Қарашаңырақ» кешенінде ұйымдастырылды. Байқауға қатысу үшін өңірдің бес аудан, екі қаласынан арнайы келген 30 бен 80 жас аралығындағы өнерпаз аналар халық және қазақ сазгерлерінің танымал әндерін шырқап, көрермен ықыласына бөленді.
Әсем Айтмұханбетова, байқауға қатысушы:
- Әжелер ансамблімен ән салуға бірінші рет келіп тұрмыз. «Ақтауым» сосын «Әсем әнім сырнайдай» деген екі әнді алдық. Бұрын қыз ұзатуда «Аушадияр» айтқан екен. Біз сол ескілік болып кеткен әнді айтамыз. Еске түсіреміз.
Зағира Аманкелдіқызы, байқауға қатысушы:
- Осы жерде Амал мерекесін тойлау жылдан жылға жалғасып келе жатыр. Талғат Атшыбаев ағамыздың «Шалқымалы» әнін орындадық, енді ырым-тыйымдар туралы көрінісіміз бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Келер ұрпақ әдет-ғұрпымызды ұмытпасын!
Сайыстың екінші кезеңінде ақ жаулықты аналар ұршық иіріп, киіз үй жабдығын әзірлеуден сынға түсті. Бала тәрбиесі, әйелге және қоршаған ортаға қатысты ырым-тыйымдарды қойылым түрінде көрсетті. Сайыстың өту барысын қадағалаған қазылар алқасы 10 ансамбльдің әрқайсын Ұмай, Зере, Бопай секілді қазақтың ұлы әйелдерінің есімімен атап, қаржылай сый-құрмет көрсетті.
Ақмарал Зейілова, облыстық Ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры:
- Бұл аналардың көбі – зейнет жасындағылар. Белгілі бір уақыттарында мәдениет үйіне барып, аптасына 2-3 рет аптасына дайындықтарын жасап, тұрақты келіп, қалыптасқан ансамбльдер бұл. 120-ға жуық ана қазір сахнаға шығып, өз өнерін көрсететін болады.
Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген аналар байқау соңында шеру өткізді. Отпан тауда «Амал-Көрісу күні» мерекесін тойлауға келген көпшілікке шашу шашып, ақ батасын берді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев