Ақтауда ұлттық өнер дәріптелді

Ұлттың ұстыны - салт-дәстүрі, атадан қалған мұрасы. Ал мұра ұлттық киім, зергерлік бұйымдар, шеберлер, ісмерлердің қолымен жетеді. Ақтаулық жастар Әбіш Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-мәдени музейінде аға буын өкілдерімен кездесті.

Қолөнер шебері Әуес Сағынаева мен зергер Сағидолла Оразов студенттерге, қазақы нақыштағы киім тігу, әшекей бұйымдарды дайындау тәсілдерін көрсетті. Танымдық шара музейдің ұлттық киім-кешек бөлімінде ұйымдастырылды. Тарих пәнін меңгеріп жатқан студенттер ісмер Әуес Сағынаевамен емін-еркін әңгімелесіп, қазақы нақыштағы киім түрлерімен танысты. Әсіресе түйе жүнінен сырып тігілген ер жадағай, әйел шекпені, бас киімдер жастардың ерекше қызығушылығын оятты. Әуес Сағынайқызы соңғы жылдары жұмыссыз қыз-келіншекті ата кәсіпке баулып жүр. Жастармен кездесуінде ол тігіншілік өнерді үйренуге шақырды.

Әуес Сағынаева, қолөнерші:

- Шетелге көп барып жүрміз, адамдар біздің ұлттық киімімізге аузын ашып, таң қалады. Біздің қынама көйлегімізге, қынама бешпент-кәжекейлерімізге сүйсінеді. Тек қана шетелге шығарып емес, тек қана Наурызда ғана емес, барлық уақытта киім жүруді насихаттаймын. Осы ұлттық қолөнерімізді, ұлттық киімімізді дәріптеуден ешуақытта танған емеспін. Үйренемін деген жастар болса, біз оны дәріптеуге дайынбыз.

Жайна Дәулетбекқызы, студент: 

- Қазақ әлемі үшін апамыздың бүгінгі сұхбатта өте маңызды адам екенін түсіндім. Жалпы қазақ мәдениеті үшін, мұғалім мамандығына оқығаннан кейін ертең оқушыларыма да осындайды үйреткім келеді. Бүгін қызығушылығым оянды деп айта аламын.

Қолөнерші Сағидолла Оразов сан ғасырлық тарихы бар сіркелеу тәсілін қолдану арқылы әшекей бұйымдарға ою-өрнек салады. Маңғыстаулық шебер ұлттық киімнің ажарын аша түсетін өңіржиекті де осы әдіспен әрлейді. Қызмет өтілі 22 жылдан асқан зергер қыздарға шекелік, шашбау, шолпыны тағу тәртібін де түсіндірді. 

Сағидолла Оразов, зергер:

- Өмірде маңдайы ашық болсын деп бата-тілек бергенде солай айтылады. Шекелікті тек сәукелеге, бас киімге таққан. Екі жағына. Зергер маман ретінде қазақ қыздарының маңдайы ашық болғанын қалаймын. Әшекей бұйым, зергерлік бұйымдарды өз орнымен тағу керек деп есептеймін.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл жерде 200-ден астам күміс бұйым сақтаулы тұр. Әшекей заттарды 18-19 ғасырда маңғыстаулық шеберлер әзірлеген. Ерекшелігі сол, күміске беріктігін арттыру үшін темір, мыс басқа да қоспа қосылады. Сондай-ақ бағалы бұйымның ортасы үрілген пішінде соғылады.

Музейде сақтаулы тұрған ұлттық киім-кешек қоры жыл асқан сайын толығып келеді. Кейбірі 50-60 жылдық тарихы бар құнды жәдігер. Бір қуантарлығы, аймақта тойдан бөлек, күнделікті жұмысқа қазақы киім кию жаппай сәнге айналып келеді. Көшеде жеңіл жадағай киген ер-азамат, ақ кимешекті аналар жиі кездеседі. Осылайша ұлт айнасы ұлттық киім-кешекті дәріптеуге маңғыстаулықтардың жасы мен жасамысы да өз үлесін қосып келеді.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев