Қазақстан рейтингте 10 саты жоғарылады  

Қазақстан бақытты елдер қатарында жоғары көтерілді. Бүгін БҰҰ «Жаһандағы бақыт» бойынша рейтингін жариялады.

Онда Қазақстан 147 елдің ішінде биыл 33-ші орынға шыққан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 саты жоғары. 

Ал 2020 жылы 50 елдің тізімін түйіндеген едік. Ал әлемдегі ең бақытты адамдар Финляндияда тұрады. Үздік үштікке Исландия, Дания енді. Финдер осымен 9-шы жыл қатарынан бірінші орында тұр. Соғыс жүріп жатқан елдер болса, көш соңында.

Айта кетерлігі, биылғы баяндамаға қарағанда, қазіргі жастардың өмірге көңілі толмайды. «Бұған әлеуметтік желілерде көп қолдануы себеп», - дейді мамандар.

Ян-Эммануэль де Неве, Оксфорд университетінің профессоры:

- Қазіргі жастар өте уайымшыл. Бұрын біз «ата-анамыздан жақсы өмір сүреміз» дегенге сенетінбіз. Ал оларда қорқыныш пен күмән басым. Үй алу, күн көру қазір қиын. Жаңа технологиялар, соның ішінде ChatGPT секілді жасанды интеллект көз ілеспес қарқынмен дамып жатыр. Бұл еңбек нарығындағы бәсекеге әсер етіп отыр. Бұған жастар қатты алаңдайды.