Елордадағы мейрамханада ұлттық киім киген даяшы-робот қызмет көрсетеді

Осылайша дәстүрлі даяшының орнын ақылды құлтемір алмастырған. Ол қонақтарға тапсырысын жеткізіп, көңілді әуенмен келушілердің көңілін көтеріп жүр. 

Есіл ауданындағы Turandot мейрамханасында қонақтарды дәстүрлі даяшылардың орнына роботтар қарсы алады. «Наурызнаманың» онкүндігі аясында роботтар да қазақы шапан киіп, халыққа қызмет көрсетіп жүр. Жасанды интеллект пен цифрландыру жылы аясында ұйымдастырылған мұндай бастамалар заманауи қоғамның жаңа келбетін айшықтай түседі.

Құралай Саутбаева, Turandot мейрамханасының басқарушы директоры:

- Негізі, бұл робот-даяшы туралы идея қарапайым түрде келген еді. Жылда Наурыз мейрамы және биылғы Ұлттық киімдер күні қарсаңында жылдағыдай тойлағаннан кейін дастархан жасаймыз, мейрамхананы безендіреміз. Биылғы жылы бір ерекше элемент қосқымыз келді. Оның есімі – Арыстан.

Бұл робот 7 жылдан бері қызмет етіп жүр. Осы уақыт ішінде келушілердің тілін тауып, көңілін көтере білді. Ұлттық киім күніне орай Арыстан да ерекше образда қонақтарға қызмет көрсетіп, мерекенің көркін қыздырды. Ал мейрамханаға келген қонақтар оның жұмысын көріп, таңданысын жасырмады.

Сайран Әбутәліпқызы, қонақ:

- Роботты көргенде, оның ұлттық киімде болғаны және оның екі тілде де сөйлей білетініне таң қалдым. Соған өте қуаныштымыз, осындай роботтар болашақта бола берсін.

Мейрамхана директорының айтуынша, мұндай даяшылар Қытай мен Кореяда да қызмет етеді. Ал бұл робот Қазақстанның цифрлық елге айналғанын ғана емес, ұлттық мәдениетпен де үйлескенін көрсетеді.

Асылжан Құрманғали, Абдулхамит Булекбаев